Алматы облысында оқушы қызды қорлаған 7 жасөспірім ұсталды

Бүгін, 12:22 / Алуа Арман
istockphoto.com

Алматы облысы Қарғалы ауылында 7-сынып оқушысына қатысты азғындық әрекеттер жасады деген күдікпен кәмелетке толмаған жеті жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева хабарлады.

«Жеті кәмелетке толмаған анықталды. Тергеу жүріп жатыр. Аймақтық бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен психологиялық қолдау орталығының мамандары дүйсенбіден бері оқиға орнында жұмыс істеуде», — деді ол.

Бұған дейін оқиға Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылындағы жеке үйде болғаны және оның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін қоғамда үлкен резонанс тудырғаны белгілі болды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жасөспірімдер тобы мектеп оқушысына шабуыл жасап, болған жағдайды телефонға түсіріп алған. Бейнежазба интернетке тарағаннан кейін тергеу органдары дереу тексеріс бастаған.

Аудандық білім бөлімі директоры 13 қазан күні оқиға туралы біліп, бірден полицияға хабарласқанын айтты.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жәбірленуші мен оның отбасына психологиялық көмек көрсетілуде. Іс бала құқықтары жөніндегі уәкілдің және өңірлік биліктің ерекше бақылауында.

Тэгтер:

Алматы облысы Оқушы қыз