Полиция Түркістан облысында көші-қон заңнамасын бұзудың 627 дерегін анықтады. Барлық факті бойынша құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атап айтқанда, Қазақстанда болу мерзімдерін бұзудың 468 фактісі, қабылдаушы тараптың шетелдік азаматтардың болу ережелерін сақтамауының 117 фактісі және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартудың 42 дерегі анықталды. Сот шешімімен 356 шетелдік елден шығарылды, 158 шетелдіктің Қазақстанда болу мерзімі қысқартылды.
Сонымен қатар халықаралық іздеуде жүрген 2 шетелдік азамат анықталды. Полицейлер шетелдік азаматтардың болу мерзімін уақтылы рәсімдеу және ұзарту әрбір қабылдаушы тараптың жауапкершілігі екенін ескертеді. Сондықтан азаматтар мен жұмыс берушілерді көші-қон заңнамасын қатаң сақтауға және тиісті құжаттарды уақтылы рәсімдеуге шақырады.