Нұрила Аманбаева есімді блогер есту қабілетінде ақауы бар такси жүргізушісін мазақтап, видео түсірген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Желі қолданушыларының сын-ескертпелерінен кейін блогер видеоны өшіріп, жүргізушіден және көпшілктен кешірім сұрады.
« Соңғы тәулікте менің өмірім қатты өзгерді. Мен желіде жариялаған орынсыз видеома қатысты жағдайды түсіндіргім келеді. Өз қателігімді толық түсіндім және жауапкершілікті өз мойныма аламын. Барлығыңыздан шын жүректен кешірім сұраймын. Өз әрекетімді өте ұят санаймын.
Біз көлік жүргізушісінің отбасымен байланысқа шықтық. Олар аноним болып қалуды жөн көрді. Жүргізушінің өзінен және оның отбасынан жеке кешірім сұрадым. Енді осында көпшілік алдында да кешірім сұрағым келеді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдардан да кешірім өтінемін.
Блог жүргізіп келе жатқан бес жыл ішінде мен ешқашан ешкімнің көңіліне тиюді немесе біреуді ренжітуді мақсат етпедім. Контентімде ешкімді қорлауға немесе кемсітуге ниетім болған жоқ. Ешқашан ешкімді мазақ ету ойымда болған емес.
Мен бұл жағдайдан үлкен сабақ алдым және мұндай жағдай енді қайталанбас үшін өзіммен, қателеріммен жұмыс істеймін. Маған өте ұят, тағы да бәріңізден кешірім сұраймын», - деді блогер.
Айта кетейік, бейнежазбада ол кішкентай баласына «саған шулауға мүмкіндік бар» деп айтып, өзі ән шырқап, кейін жүргізушіні рұқсатсыз камераға түсірген. Видеоға «Құлағы нашар еститін таксиге отырғанда» деген жазба қалдырған. Көпшілік блогердің аталған әрекетін мүгедектігі бар адамды кемсіту деп бағалап, сынға алды.