15 қазан күні кешкісін Каспий теңізіне ер адам батып кетті деген ақпарат тарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алайда Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті бұл мәліметті жоққа шығарды. Олар ер адамның есірткі әсерінде болғанын және судан өз бетімен шыққанын нақтылады.
ТЖД мәліметінше, хабар сағат 16:00-де облыстық полиция департаментінен түскен. Оқиға 4А шағын ауданында, «Caspian Riviera» қонақүйінің жанында болған.
«Қазақстан Республикасының азаматы есірткі заттарының әсерінде рұқсат етілмеген жерде шомылған. Ер адам судан өз бетімен шығып, медициналық көмекке мұқтаж болмаған», – деп хабарлады ведомство.
Оқиға орнына ТЖД-ның төрт қызметкері, бір техника және бір жүзу құралы жұмылдырылған.
Бұған дейін құтқарушылар 2025 жылғы шомылу маусымында Маңғыстау облысында жабдықталмаған жерлерде тоғыз адамның, соның ішінде үш баланың суға кеткенін еске салған болатын. Маусым аяқталғаннан кейін тағы бір адам қаза тапқан.