Петропавл қаласында 67 жастағы әйел аурухананың төртінші қабатынан құлап, көз жұмды. Қайғылы оқиға 14 қазанда Сәтбаев көшесінде орналасқан №1 қалалық аурухананың ғимаратында болған, деп хабарлайды turkystan.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Зейнеткер құлаған кезде ауыр жарақат алып, шұғыл түрде көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, әйел сол түні реанимация бөлімінде қайтыс болды.
Бейресми деректерге сүйенсек, марқұм неврология бөлімінде ем қабылдаған және бұған дейін өзін-өзі өлтіруге талпынған болуы мүмкін. Алдын ала болжам бойынша, терезе желдету үшін ашылған сәтте ол секіріп кеткен.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу бастағанын хабарлады.
Петропавл қаласының 67 жастағы тұрғынының қайтыс болу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (“Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу”) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, - делінген СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазір куәгерлерден түсініктеме алынып, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Тергеу нәтижесі бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады.