Индонезияның Риау аралдары провинциясындағы Батам қаласында орналасқан кеме жөндеу зауытында болған танкер жарылысынан 10 жұмысшы қаза тауып, 18 адам жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жергілікті полиция дерегіне сүйенсек, жарылыс жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Federal II кемесінің бортында болған. Оқиға орнына төтенше қызмет мамандары жіберіліп, олар өртті сөндіріп, зардап шеккендер мен қаза тапқандарды танкердің өртенген бөліктерінен шығарып алған. Барлық жараланғандар ауруханаға жеткізілді. Тәртіп сақшылары жарылыстың нақты себебін әзірге анықтамаған.
БАҚ мәліметінше, бұл — 2025 жылы осы зауытта Federal II танкерімен байланысты адам өлімі тіркелген екінші оқиға. Маусым айының соңында дәл осы кемеде болған жарылыстан бес жұмысшы қаза тапқан еді.