Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Айгүл Құспанның төрағалығымен өткен отырысына Қорғаныс министрінің орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев, сондай-ақ отставкадағы генерал-лейтенанттар Бақытжан Ертаев пен Абай Тасболатов қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесу барысында елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған шараларға қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалуы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені үшін мамандар даярлау және әскери қызметкерлердің жаңа еңбекақы жүйесі сөз болды.
Отырыста V және VI шақырылымда Мәжіліс депутаты болған Бақытжан Ертаев пен Абай Тасболатов заң шығару саласындағы тәжірибелерін ортаға салды.
Қарулы күштердің ардагерлері әскери қызметкерлерді тұрғын үймен, азық-түлікпен қамтамасыз ету және өзін-өзі қамтамасыз ету моделіне көшу мәселелері бойынша ұсыныстарын айтты.
Отырыста айтылған ұсыныстарға сараптамалық баға беріліп, заң жобалары бойынша одан арғы жұмыс барысында қаралатын болады.