Студенттер арасында жемқорлыққа қарсы форум өтті

Алматыда алғаш рет студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Форумға қаладағы жоғары оқу орындарының тәлімгерлері, ұстаздар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері қатысты. Қаладағы жоғары оқу орындарының тәлімгерлері студенттер форумына арнап, әртүрлі бейнероликтер дайындаған. Бұл – бүгінгі қоғамдағы жемқорлықтың жастар көзқарасындағы келбеті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам дайындау үшін республикадағы жоғары оқу орындары мен мектеп бағдарламаларына арнайы пәндер қосылған.

«Республика деңгейінде, сонымен қатар Алматы қаласының жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру деген пәндер енгізілді. Барлық жоғары оқу орындарында, білім саласында, мектептердің орта, жоғары сыныптарына да енгізілді», – дейді Алматы қалалық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бөлім басшысы Мақсатхан Анапин.

Жемқорлықпен күреске арнайы агенттік мамандарынан бөлек, студенттер де күш салып жатыр. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар еліміздегі барлық білім беру мекемелері қабырғасында өтіп тұрады. Студенттер «Нұр Отан» партиясының өкілдері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мамандарымен пікір алмасуды әдетке айналдырған. Студенттер арасындағы жемқорлыққа қарсы форум эстафетасы жоспар бойынша өңірлердегі өзге де оқу орындарында жалғасын таппақ.

Back to top button