Бір унциясы 4200 доллар: Алтын бағасы рекорд жаңартып жатыр

Бүгін, 12:49 / Алуа Арман
istockphoto.com

Бүгін бір унция алтын бағасы әлемдік биржаларда 4214 доллардан жоғары бағамен саудаланып, тарихи максимумға жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бір ай бұрын халықаралық нарықта алтын бағасы 3700 доллар шамасына дейін көтерілгені хабарланған болатын.

Сарапшылар мұндай жағдайды жаһандық нарықтағы үрдістермен түсіндіреді. Белгісіздік пен геосаяси тұрақсыздық күшейген кезде инвесторлар сенімді әрі дәстүрлі активтерге қаражат салуға бейім келеді.

10 қазан күні АҚШ президенті Дональд Трамп 1 қарашадан бастап Қытайдан келетін импортқа қосымша 100 пайыздық тариф енгізілетінін және маңызды бағдарламалық қамтамасыз етуге экспорттық бақылау қойылатынын мәлімдеді.

Ал Бейжің жауабында сауда соғысынан қорықпайтынын, бірақ оны қаламайтынын айтты.

Бұдан бөлек, АҚШ-та үкімет жұмысының уақытша тоқтауы (шатдаун) жалғасуда. Мұндай ұзақ үзіліс ел экономикасына аптасына шамамен 15 млрд доллар шығын әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деген қауіп инвесторлардың алтынға деген қызығушылығын арттырып отыр.

Тэгтер:

алтын рекорд унция