Жаңалықтар

Жоғалған кітапханалар

ашық дереккөзі

Жоғалған кітапханалар

 Кітап – қазақтың сегізінші қазынасы. Ғасыр жаңарып, жылдар алмасса да оған деген құрмет төмендемеген. Өйткені «кітап – білім бұлағы». «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» заманауи технология қарыштап дамып кеткенімен, интернет те, ұялы байланыс та білім мен ғылымның қайнар көзі саналар кітаптың орнын алмастыра алған жоқ.

Қанша ақылды болса да, компьютер кітаптың тереңдігі мен сарабдалдығын бере алмайтыны әлдеқашан дәлелденген. Сондықтан кітапхана ілім-білім жинаймын деген адамның құтты мекені болып қала бермек.

Өткен жылдағы деректерге сүйен­сек, Қазақстанда кітапханалар саны 10 мыңға жеткен. Әр түрлі кедергілерге байланысты жабылып, тарих­тың көне беттерінде қалып қойған кітапханалар бүгінгі күнге жеткен болса, бұл цифр бірнеше есе көп болар еді.

Жойылған кітапханалар десе, аузымызға бірден қазақ даласындағы кітапханалардың бастауында тұрған Отырар кітапханасы түседі. Ол Шыңғыс ханның шапқыншылығы кезінде өзі аттас қаламен бірге жер бетінен ізім-ғайым жоғалып кетті. Бұрын Фараб аталған шаһардан тек ислам әлеміне емес, күллі дүние жүзіне аты мәшһүр, әлемдік ғылымға сүбелі үлес қосқан оқымыстылар шыққан болатын. Солардың ішіндегі ең атақтысы – біздің ұлы бабамыз, Аристотельден кейінгі әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби. Ғұламаны білім нәрімен сусындатқан – Отырар кітапханасы. Онда ежелгі сына жазуымен жазылған туындылар мен папирус орама қағаздарынан бастап, ортағасырлық Еуропа, араб және қытай ғалым-оқымыстыларының шығармаларына дейін жинақталған. Үлкендігі жағынан Александриядан кейінгі екінші кітапхана саналған білім ордасы басқыншылардың аяғымен тапталды.

Алайда, моңғол әскерінің Отырарды 6 ай бойы қоршауы кезінде кітапхана құпия түрде жер астына жасырылған дейтін дерек бар. Бірақ оның нақты қай жерге жасырылғаны беймәлім. Отырар кітапханасын табуға бағытталған археологиялық қазба жұмыстары әлі күнге дейін толастаған жоқ.

Көзсiз зорлық ғасырынан,

Надандықтың тасырынан,

Жер астына жасырылған

Дара тұлға бабалардың

ұшқыр ойы, санасы.

Ұяттыны толғандырған,

Қанаттыны заңғар қылған,

Күллi әлемдi таң қалдырған,

Рухыңмен қолда бiздi

Отырардың ұлы кiтапханасы! – деп Мұхтар Шаханов ағамыз жырлағандай, әйгілі Отырар кітапханасы ата-бабамыз мекен еткен алып аймақта ілім дәнін сепкен киелі жер болғаны ақиқат.

Тарих беттерін парақтап шық­саңыз, тәуелсіздік қарсаңында да еліміздегі талай кітапхананың есі­гіне қара құлып салынып, қаншама қазынамыз талан-таражға түскеніне көз жеткізесіз. Тоқсаныншы жыл­дар­дағы оңтайландыру саясатының салқыны кітапханаларды да айналып өтпеді. Мәселен, 1993 жылғы есеп бойынша елімізде 7023 кітапхана болса, 2002 жылы соның 2630-ы ғана қалған екен. Тек бір ғана Алматы облысында 685 кітапхана өз жұмысын тоқтатқан. Жабылған кітапханалардың кітап қоры да талан-таражға түсіп, тістегеннің аузында, ұстағанның уысында кетті. Тіпті қазақ қаламгерлерінің құтты мекені – Қазақстан Жазушылар одағындағы кітапхана да өткен жылдардың естелігіне айналды.

Бертін келе еліміздің жағдайы жақсарып, халықтың еңсесі көтерілген соң мәдениетке қайтадан мән бере бастадық. Қазір әрбір мектеп пен жоғары оқу орындарында, тіпті балабақшалар мен әскери бөлімшелерде де кітапханалар бар. Бірер жылдың ішінде осыншама жетістікке жеткеніміз, әрине, көңіл қуантады. Бірақ сол кітапханалардағы кітап қоры қандай жағдайда? Дамыған елдер тәжірибесіне сүйенер болсақ, әр 10 жыл көлемінде кітапхана қоры толық жаңартылады екен. Халықаралық кітапханалар қауым­дастығы федерациясының ұсынысы бойын­ша 1000 тұрғынға 250 жаңа басылымнан келуі шарт. Ал әлемдік стандартқа сәйкес кітапхана қорының 50 пайызы соңғы 10 жылда шыққан кітаптармен толығуы керек. Бізде ше? Қазақстанда 1000 тұрғынға небәрі 67 дана жаңа кітап тиесілі. Өйткені жаңа басылған кітаптардың көпшілігі 2000-3000 таралыммен ғана шығады. Кітапқа сұраныс жоқ деген желеумен соңғы бес жылдың көлемінде таралым санын тіпті қысқарып кетті. Сұраныстың төмендеуі елімізде баспа ісіндегі насихаттың кемшін екенін көрсетсе керек. Ендеше, баспалар мен кітапханалар әлі де мемлекеттің жіті назары мен қамқорлығына зәру.