BBC Маңғыстаудың табиғаты туралы бейнеролик түсірді

Бүгін, 10:49 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Халықаралық BBC арнасы Маңғыстау облысының ерекше табиғатын көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«The alien lands once hidden beneath the ocean» («Мұхит түбіне жасырынған тылсым жерлер») атты бейнеролик BBC Reel платформасында жарияланып, өңірдің бірегей табиғаты мен геологиялық тарихына арналған.

Материалда Маңғыстаудың жер бетінде сирек кездесетін ерекше көріністері, атап айтқанда, миллиондаған жыл бұрын ежелгі мұхит түбінде қалыптасқан үстірттер, шатқалдар мен жартастар бейнеленген.

Сюжет авторлары қазіргі Батыс Қазақстан аумағы ежелгі теңіздің түбі болғанын атап өтіп, бұл өңірдің бедері мен құрылымы өзге ғаламшар ландшафтына ұқсас екенін айтады.

Бейнематериалда сондай-ақ Маңғыстаудың мәдени және туристік әлеуеті кеңінен ашып көрсетіледі. Бірегей табиғаты, тарихы мен дәстүрі үйлескен бұл өңір кейінгі жылдары туристер арасында танымал болып келеді.

BBC түсірген материал Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныстыруға ықпал етіп, шетелдік аудиторияның еліміздің табиғи және мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттырады.

Айта кетейік, биыл шілде айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2025-2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік өңірін дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілген болатын. Құжат тоғыз бағытты қамтиды және 102 іс-шарадан тұрады.

Жоспар аясында өңірдің туристік инфрақұрылымын кеңейту көзделген. Негізгі міндеттердің қатарында Бозжыра, Тамшалы, Жығылған, Торыш, Шақпақ-Ата, Саура және Қызылқұп сияқты табиғи және мәдени нысандарға қолжетімділікті арттыру бар. Сонымен қатар Кендірлі курортты өңірін дамытуға ерекше мән берілген. Жоспарға сәйкес көлік бағыттарын салу мен қайта жаңарту, инженерлік желілер мен туристік нысандардың құрылысы, оның ішінде әуежай мен автовокзал салу қарастырылған.

Тэгтер:

Маңғыстау табиғат BBC