«16,7 млн доллар»: Заңсыз табысты жылыстатумен айналысқан 130 крипто-алаң жойылды

Бүгін, 09:37 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қаржылық мониторингі агенттігі криптобиржалардың заңсыз қызметін тоқтату бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қылмыскерлер интернет-алаяқтық және есірткі саудасынан түскен кірістерді жылыстату үшін пайдаланған 130 алаң жойылды.

Тергеп-тексеру нәтижесінде 16,7 млн USDT-ке тыйым салынды.

Бұл механизм қалай жұмыс істейді?

«Есірткі дүкендерінің» иелері мен киберқылмыскерлер ақшаны банк шоттарына, не криптовалюта түрінде айырбастау қызметін көрсететін әмияндарға аударады.

Одан әрі бұл қаражат конвертацияланып, қаржылық транзакциялар тізбегі арқылы ақшаның шыққан көзі жасырылады. Заңсыз табысты «тазарту» үшін арнайы ақы алынады.

Мұндай операциялар үшін көбіне дропперлердің банк карталары мен әмияндары пайдаланылады.

Осылайша, заңсыз криптоайырбастау платформалары көлеңкелі қаржы операцияларына белсенді қатысып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және шетелге шығару арқылы «кәсіби жылыстатушылар» ретінде әрекет етеді.

Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарға цифрлық активтерді айырбастау кезінде сенімді және жауапты тәсілмен әрекет ету қажеттігін ескертеді. Айырбас қызметтерін тек заң аясында жұмыс істейтін, ресми тіркелген және лицензияланған провайдерлер арқылы жүзеге асыру ұсынылады.

Тэгтер:

криптобиржа криптоалаң