Кәдімгі Wi-Fi роутер камера сияқты адамды «көруге» және тіпті жеке тұлғаны анықтауға қабілетті болып шықты. Мұндай тұжырымды Германиядағы Карлсруэ технологиялық институтының (KIT) зерттеушілері жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Экспериментке қатысқан 197 адамның жеке басын Wi-Fi сигналдары арқылы дерлік 100 пайыз дәлдікпен анықтауға мүмкіндік туды. Ғалымдар мұны жеке өмірге елеулі қатер деп бағалады.
Зерттеушілердің айтуынша, адамды тану үшін оның өзімен бірге телефон алып жүруі немесе қандай да бір құрылғы қолдануы қажет емес. Деректер тек айналадағы Wi-Fi құрылғылары арасындағы сигналдардың таралуын тіркеу арқылы жиналады. Радиотолқындар жарық толқындарының орнына пайдаланылады және бұл әдіс кәдімгі камера сияқты «сурет» қалыптастырады.
«Радиотолқындардың таралуын бақылай отырып, біз кеңістіктегі адамдардың бейнесін жасай аламыз. Бұл кәдімгі камерамен жұмыс істеу принципіне ұқсайды, тек мұнда жарық емес, радиотолқындар қолданылады», – дейді KIT ақпараттық қауіпсіздік институтының профессоры Торстен Штруфе.
Мамандардың айтуынша, құрылғыңызды өшіру де көмектеспейді, себебі Wi-Fi сигналдары қоршаған басқа құрылғылар арқылы да тарай береді. Демек, адам тек кафе немесе кеңсе жанынан өтіп бара жатқанның өзінде, оның қозғалысын немесе тұлғасын анықтау мүмкіндігі бар.
Зерттеушілер бұл технологияның артықшылығымен қатар қауіпі де зор екенін айтып, жеке өмірді қорғауға арналған жаңа стандарттар енгізуді ұсынды.