Банктер қай тілде сөйлейді?

Банктер қай тілде сөйлейді?

Банктер қай тілде сөйлейді?
ашық дереккөзі
Банктің қазақшасы таза ма? Орыс тілінен аударылған мәліметтің көпшілігі түсініксіз. Қарапайы халық банк пен банкомат қызметін пайдаланғанда орыс тіліне жүгінетіні де сондықтан. Олай болса орыс тіліндегі мәліметті қазақ тіліне аударуды қалай жүзеге асыруға болады немесе орыс тілінде жазылып, бекітілген мәліметті аудармай-ақ, түпнұсқаны қазақ тілінде жазатын маман тартуға болмай ма?! Банктің қазақшасының ақсап тұрғаны бүгін пайда болған жыр емес. Сондау 90 жылдардан бері банктің қазақ тілінің кемістігі туралы сан түрлі пікір айтылды, ендеше жөнделетін, дүбәрасы тазаратын кез болды емес пе? Бірақ қаржы институттары бұл келеңсіздіктің орнын толтыруға асық емес. Оған әр банктің әр түрлі себебі бар. Ең бастысы, қазақтілді мәлімет көбейіп келеді, сапасы әлі де көңіл көншітпейді. Былтыр халыққа танымал банктің Тараз қаласындағы банкоматы қазақ тілінде анайы сөз жазылған чек шығарған. Мұндай олқылықтың қалай орын алғанын банк басшылығы  түсіндіре алмады. Көпшіліктің пікіріне сенсек, «бұл қазақ тілін қорлау, орысшасы сауатты шығады, ал қазақшысы неге сауатсыз?». Қоғамда наразылық тудырған бұл жайтқа орай әлеуметтік желі қолданушылары мұндай фактілердің сан түрін жазды. Осы орайда банктердің сайтына кіріп, орысша және қазақша нұсқасын шолып шыққан едік. Барлық банкке ортақ жайт – банктің  сайттарының орысша нұсқасы бірінші ашылады. Банктердің қазақша нұсқасында қате өріп жүр, қазақша мәтіні түсінікті болғанмен, әріп қате көптеп кездеседі. Былтыр жыл соңында 7kun.kz банктің қазақшасы туралы зерттеу жүргізген болатын. Онда еліміздегі банк сайттарының қай тілде сөйлейтіні зерттелген еді. Мәселен, Қазком сайтының алдымен орысша нұсқасы ашылады. Қазақ тіліндегі ақпарат тым кеш жаңартылады. Сол сияқты ірі банктердің  бірі – Халық банкінің сайты да орыс тілінде ашылады. Тек содан кейін қазақтілді тетікті басу арқылы ғана қазақ тіліндегі парақшаны көре аласыз. Қай банкті алсақ та, қазақша мәліметке қарағанда орыс тіліндегі мәліметке бай. Десе де қазақ тіліндегі банк мәтіндері жылдан жылға түсінікті болып келеді. Бұл орайда Центр кредит банкінің қазақ тіліндегі аудармасы әлі ақсап тұр. Қазақстан нарығына біртіндеп сіңіп келе жатқан Сбербанктің де сайты орысша ашылады, қазақша нұсқалары толық емес. Сондай-ақ қазақ тіліне ауыстыру тетігі сайттың төменгі бөлігіне орналасқан. Көпшіліктің пікіріне құлақ ассақ, банк пен банк қызметі туралы ақпаратты орыс тілінде алғанды жөн санайды. Банкоматты қолданғанда да, орыс тілін таңдайды. Неге бұлай деген сауалға, қазақ тіліндегі ақпарат түсініксіз деген жауап аласың. Яғни, аудармалардың сапасыздығы қазақтілді тұрғындардың өзін қазақ тілін таңдаудан алыстатып отыр. Осы орайда барлық банктерде аудармашы емес, ақпаратты қазақ тілінде жазатын маман алуды қаперге алса дейміз. Елімізде банктердің бірігіп, өзара мегабанктер құру мәселесі қаралуда. Жыл соңына дейін Халық банк пен Қазком банкі бірігіп, ірі қаржы институтын құрмақшы. Жуырда осы банктердің қосылатыны туралы сыбыс шыққанда, екі банктің басшылығы да мұны жоққа шығарған болатын. Әуелі Reuters агенттігі жариялаған мәліметтен кейін жергілікті баспасөз өкілдері сұрау салғанда, бірігу туралы мәліметтен басын ала қашқаны да есте. Көп ұзамай қос банк бірігу келіссөздерін бастағанын растады.  Осы орайда банктердің сайттары жаңа нұсқада жарық көретін болады, бұл парақшалар қай тілде сөйлейді, қазақшасы қандай болмақ?    

  Қазақстандағы ең танымал банк

Таяуда «Медиа-систем» агенттігі Қазақстандағы банктердің танымалдық рейтингін жасаған еді. Зерттеу барысында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында ең көп аталған 25 қаржылық институт қамтылды. Былтыр банк туралы 30 мыңнан астам ақпарат жарияланған екен. Соның ішіндегі ең үздігі – QAZKOM банкі. Былтыр қазақ тіліндегі «Қ» әрпінің ағылшын тіліне «Q» болып аударылуы туралы мәселе көтерілгенде, Қазком банкі алғашқылардың бірі болып, осы бастаманы қолдаған еді. Сондай-ақ банктің Халық банкпен қосылатыны жөніндегі ақпарат банк рейтингін арттыра түсті. Екінші орында – Халық банкі. Банктің 90 жылдық тарихы бар. Былтыр бөлшектік несие беру бойынша банк озық шықты. Сонымен қатар еншілесі «Алтын банкінің» де банк танымалдығын арттыруда үлесі бар. Қазақстан аумағындағы табысты бес банктің бірі. Қараша айында банк өзінің еншілесі Altyn Bank-тың 60 пайыз акциясын CITIC Bank атты қытайдың стратегиялық инвесторына сату ниеті бар екенін айтқан еді. Бұл жаңалық та БАҚ беттерін біраз шарлады. Жыл соңында Қазком мен Халық банктің бірігуі туралы қауесет те қаржы институтының медиа-танымалдығына септігін тигізген. Үшінші орында – Сбербанк. Жылдан жылға банктің танымалдығы артып, жергілікті тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Төртінші орында – Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі. Салымдар бойынша өтемақы төлеу мен оның тәртібі жайлы жарияланымдар саны көп болған.  Бесінші орында – Центр кредит банкі. Былтыр банктің белгілі бір үлесін ресейліктерге сатады деген қауесет шыққан еді. Сонымен қатар Сбербанк пен Центр кредит банкі ипотека бере бастаған. Қазақстан қаржы нарығында төрт ресейлік банк қызмет атқарып келеді. Сбербанк – осылардың ірісі, тіпті отандық банктермен иық тірестіріп тұр. Ресейлік төрттіктің, Сбербанктен басқасы, Альфа-банк, ВТБ және Хоум Кредит банктерінің жыл соңына қарай белсенділік деңгейі төмендеу болды. Десе де ресейлік өзге банктерге қарағанда Хоум Кредит банкі депозит пен несиелеу бойынша оқ бойы озық. Соңғы жылдары банктердің қазақшасы түзелген дейді тіл мамандары. Банктің берешек, несие, кепілдендіру, салым деген аудармаларына халықтың құлағы үйреніп қалған сияқты.