Елімізде 25 қазанда ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күнге орай Астанада 150-ге жуық мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олардың қатарында мерекелік концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және басқа да түрлі шаралар бар, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік іс-шаралар қаланың орталық алаңдарында, ірі нысандарда ғана емес, сонымен қатар тұрғын алаптар мен білім беру ұйымдарының аумағында да өтеді. Мереке аясында әр аудан мен қала бойынша түрлі салада еңбек етіп жүрген үздік қызметкерлер, еңбек ардагерлері мен ерлік көрсеткен азаматтар марапатталады.
Бұл күндері білім беру ұйымдарында дөңгелек үстелдер, пікірсайыс турнирлері, көрмелер, танымал тұлғалармен кездесулер, конференциялар, шығармашылық байқаулар, эссе мен өлең оқу конкурстары, патриоттық челлендждер өткізіледі.
1-22 қазан аралығында елордада «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында жазушылармен апталық кездесулер жалғасуда.
16 қазанда Азаматтық бастамалар орталығы «Азаматтық бірегейлікті қалыптастыру: ұлттық құндылықтардың рөлі» тақырыбында семинар өткізеді.
16-17 қазанда Сарыарқа ауданында мұғалімдер арасында әкім кубогына арналған волейболдан жарыс және ұлттық ойындар бойынша спартакиада өтеді.
17 қазанда №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде «Асыл мұра» республикалық өнер байқауының қалалық кезеңі ұйымдастырылады.
Сол күні №117 мектепте «Қазағым деп соғады жүрегім» атты патриоттық әндер байқауы өтеді.
Нұра ауданында әлеуметтік осал топтарға арналған «Жанашыр жүрек» қайырымдылық акциясы өтеді.
18 қазанда «Барыс Арена» мұз сарайында бүкіл республикадан келген ең мықты балуандар қатысатын «Қазақстан Барысы» турнирі өтеді.
Сондай-ақ Паралимпиадалық дайындық орталығында бочча спортынан ашық турнир, ал Сығанақ көшесіндегі спорт кешенінде Пенчак силат бойынша жарыс ұйымдастырылады.
Осы күні «Азия Парк» СОО орталығында «Republic Day» акциясы аясында тарихи-көркем фильмнің көрсетілімі өтеді.
18-19 қазан күндері елордада «Есірткіге қарсы спорт» атты ашық турнир өтеді. Онда 12-21 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар спорттың бірнеше түрінен сынға түседі.
19 қазанда Алматы ауданының мұғалімдері арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылады.
20 қазанда «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл» тақырыбында әдеби-ағартушылық сағат өтеді. Сол күні «Руханият» КММ «Отаным менің – Қазақстан» атты дөңгелек үстел өткізеді.
Есіл ауданында Ұлттық академиялық кітапханамен бірлесіп «Тәуелсіз Қазақстан» атты патриоттық сабақ өтеді. Сондай-ақ Достық үйінде «Мәміле» пікір клубының сабағы, мемлекеттік қызметшілерге арналған «Мемлекет және дін: өзара ықпалдастықтың қазіргі үрдістері» семинары және «Азия Парк» СОО орталығында фильм көрсетілімі өтеді.
Сол күні Байқоңыр ауданындағы №3 мектепте «Ұлттық киім апталығы» акциясы, ал Алматы ауданында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған «Жанашыр жүрек» акциясы басталады.
20-25 қазан аралығында №3 Балалар музыкалық мектебі «Қыран елім – Қазақстаным!» атты патриоттық челлендж дайындайды.
Осы күндері әлеуметтік желілерде «Менің Республикам – менің таңдауым!» атты онлайн-челлендж өтеді.
21-25 қазан аралығында елордада республикалық суретшілер симпозиумы ұйымдастырылады.
21-24 қазан күндері «Нұрлы жүрек» орталығында «Менің Отаным – Қазақстан» атты фотокөрме өтеді.
21 қазанда Мемлекеттік рәміздер алаңында қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнін орындап, флешмоб өткізеді.
Осы күні Тәттімбет атындағы №1 өнер мектебінде «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным!» атты дәріс-концерт және «Қолжазба – тарихтың рухани қазынасы» атты ғылыми-танымдық семинар өтеді.
Сондай-ақ жастар мен ҮЕҰ өкілдеріне арналған «Азаматтық белсенділік: формалар, құралдар, құқықтар» тақырыбындағы тренинг және «Сарыарқа жұлдызы» патриоттық әндер байқауы ұйымдастырылады.
22 қазанда «Демеу» орталығында «Республиканың мәртебесі – халық бірлігінде» атты концерт өтеді.
Сол күні «Шарапат» орталығында «Отаным менің – Қазақстан» мерекелік концерті және «Өндіріс» спорт кешенінде жас спортшылар арасында қазақ күресінен ашық біріншілік өтеді.
22 қазанда №99 мектепте «Елімнің үні – жүрегімнің үні» флешмобы, ал Ұлттық музейде Есіл ауданының мектеп оқушыларына арналған экскурсия өтеді.
Сол күні Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Елім дегендер!» республикалық шығармашылық байқауы өтеді.
22 қазанда елордада азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен қоғамдық келісім мен әлеуметтік даму мәселелерін талқылауға арналған диалог алаңы ұйымдастырылады.
Сол күні Достық үйінде «Дәстүр мен бірлік – бір шаңырақ астында» фестивалі өтеді.
23 қазанда «Азаматтық бастамалар орталығы» «Қазақстан Республикасының эволюциясы: тарихи жол және даму келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізеді.
Сол күні елорданың білім беру ұйымдарында мектеп парламенттері төрағаларының инаугурациясы өтеді.
23 қазанда Ұлттық архивте кітап көрмесі ашылады, ал Назарбаев университетінде «Republic Day» концерті өтеді.
«Өндіріс» спорт кешенінде дәстүрлі «Байқоңыр барысы» турнирі, ал №23 мектепте жемқорлыққа қарсы тақырыптағы пікірсайыс турнирі ұйымдастырылады.
23 қазанда Алматы ауданында ерекше балаларға арналған «Орда» орталығының салтанатты ашылуы өтеді.
Сол күні Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы концерт, ал 24 қазанда зейнеткерлер арасында шахмат турнирін өткізеді.
24 қазанда елордада «Қазақстан Республикасы: идея тарихы және институционалдық қалыптасу жолы» тақырыбында ашық дәріс өтеді. Дәрісті онлайн да тамашалауға болады.
Сол күні «Нұрлы жүрек» орталығында фотокөрме, «AЛЖИР» мемориалдық кешенінде «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем!» акциясы өтеді.
24 қазанда Есіл университетінде елтаңба авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібековтің қатысуымен дәріс өтеді.
Алматы ауданында әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға азық-түлік себеттері таратылады.
25 қазанда Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры «Сәйгүлік» спектаклін ұсынады.
Сол күні Триатлон паркінде мерекелік жүгіру шарасы, ал Есіл жағалауында Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени орталықтарының қатысуымен концерт өтеді.
«Mega Silk Way» СОО және «Abu Dhabi Plaza» орталықтарында домбыра тарту, музыкалық квартет өнері, балалар ойындары мен сурет салу шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.
25-27 қазан аралығында «Дәулет» теннис орталығында әуесқойлар арасында теннис турнирі өтеді.
Мереке қарсаңында тұрғын алаптарда концерттер, эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады.