Елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық азайды – ЮНИСЕФ зерттеуі

Бүгін, 13:58 / Дана Ізтілеуова

Елімізде ата-аналардың балаларды тәрбиелеу барысында күш қолдану және психологиялық зорлық көрсету секілді зорлық-зомбылық сипатындағы тәрбие тәсілдерін қолдану деңгейі 53 пайыздан 38 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) жүргізген 2024 жылғы Көпкөрсеткішті кластерлік зерттеу нәтижесінде анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Динара Зәкиеваның мәлімдеуінше, бұл – Орталық Азия және Еуропа елдерінің арасында тіркелген ең үздік нәтижелердің бірі. Мұндай деректер бүгін Балаларды қорғау мәселелері жөніндегі ЮНИСЕФ Еуропа және Орталық Азия өңірлік кеңесшісі Аарон Гринберг ұсынған баяндамада айтылды. Баяндама БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, ЮНИСЕФ және Румыния Үкіметі ұйымдастырған балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі халықаралық конференция аясында Бухарест қаласында таныстырылды.

«Бүгін Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның 32 елінің үкімет өкілдері Румыния астанасында жиналып, бір жыл бұрын Колумбияның Богота қаласында өткен алғашқы жаһандық конференциядан кейінгі өз елдерінің тәжірибесі мен жетістіктерін бөлісті. Мақсат – балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жолындағы бірлескен іс-қимылды күшейту. Осыған орай бүгін Румынияда өткен басқосуда мен Еуропа және Орталық Азия елдерінен келген әріптестеріме Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына сәйкес қабылданған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар мен заңдар туралы баяндадым», – дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Айта кету керек, биыл көктемде ЮНИСЕФ-тің өңірлік директоры Реджина де Доминичис Қазақстанға сапары барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен кездесіп, елімізде балалардың құқықтарын қорғау және оларды зорлық-зомбылықтан сақтау бағытында қабылданып жатқан шараларды жоғары бағалаған болатын.

«Ол Қазақстанның тәжірибесін Еуропада өтетін конференцияда үлгі ретінде көрсету қажеттігін атап өтті. Әсіресе, тәулігіне мыңға жуық бала көмек сұрап жүгінетін QR 111 жүйесінің және буллингтің, зорлық-зомбылықтың, суицидтің алдын алу мақсатында институционалдық және заңнамалық шараларды, түрлі бағдарламаларды біріктіретін SAFE платформасының маңызын ерекше атап өтті. Сөзсіз, балалардың құқықтарын толық қамтамасыз ету, зорлық-зомбылықты түбегейлі жою бағытында атқарылар жұмыс әлі де көп. Бұл міндеттер «Қазақстан балалары» атты ұлттық бағдарламаның 150-ден астам тармағында көрініс табады», – дейді Д.Зәкиева.

Көпкөрсеткішті кластерлік зерттеу – ЮНИСЕФ бес жылда бір рет өткізетін көпкөрсеткішті кластерлік зерттеу.

 

Тэгтер:

ЮНИСЕФ балаларға қатысты зорлық-зомбылық