Парламенттік реформа кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан ауқымды саяси жаңғырудың қисынына сай келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Біріншіден, біз барлық реформаны тек эволюциялық жолмен жүргіземіз. Яғни азаматтардың сұранысы, төл ерекшелігіміз бен еліміздің түпкі мүддесі ескеріледі.
Парламенттік реформа кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан ауқымды саяси жаңғырудың қисынына сай келеді.
Естеріңізде болса, саяси реформалардың төрт пакеті аясында парламенттік оппозиция туралы норма бекітілген еді. Онда өкілдері аз партияға Мәжілістің тұрақты комитеттерінің бірінде төрағалық лауазым атқару және парламенттік тыңдау өткізу туралы бастама көтеру құқығына кепілдік берілді.
Бұдан бөлек, партиялар Парламентке өтуі үшін сайлаудың төменгі шегі азайтылды. Содан соң 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформаның арқасында біз Мәжілістің құзіретін елеулі түрде кеңейттік. Нақты айтқанда, бүгінде Мәжіліс заң қабылдайды, ал Сенат мақұлдайды.
Бұл алғашқы қадамдар еді. Енді соңғы жылдары қоғамдағы саяси мәдениеттің едәуір өскенін ескере отырып, біз бірте-бірте және байыпты жолмен бір палаталы Парламентке өтуді бастаймыз», – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес.
«Екіншіден, парламенттік реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласына толық сай келеді. Жаңа да атап өттім, бұл – мемлекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым.
Түптеп келгенде, парламенттік реформа және осыған дейін жүзеге асырылған реформалар біздің аймақта бұрын-соңды болмаған, шын мәнінде, жаңа басқару жүйесінің негізін қалайды.
Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді: Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біздің алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Осылайша, азаматтарымыздың мүдделері мен тілек-ниетін білдіретін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады», – деді Мемлекет басшысы.