"Мәйітті қоқысқа тастаған": Шымкентте 26 жастағы келіншектің азапты өліміне қатысты сот басталды

13 қазан, 2025 / Өтей Торғайұлы
© AFP 2024 / ALEJANDRO PAGNI

Шымкентте 26 жастағы келіншекті өлтірген оқушыға қатысты сот басталды , деп хабарлайды turkystan.kz stan.kz сайтына сілтеме жасап.

11 сынып оқушысы жазда жұмыс істеу үшін Түркістан облысынан Шымкентке барған. Жеке үйде жөндеу жұмыстарын істеп жүрген ол қайғылы оқиға болатын күні сол жерде жалғыз қалған. Ол жөндеу жүріп жатқан үйге тазалаушы шақырған. 

Диана Оңғарбаева шақырту алған үйге келіп, жөндеу жұмысы жасалып жатқан жерді тазалап шыққан. Осыдан соң 15 мың теңге еңбек ақысын сұрағанда, айыпталушы пышақ сұққан дейді. Желкесі, кеңірдегі, бүйір тұсы мен алақанынан алған есепсіз жарақаттан 26 жастағы келіншек жан тапсырды. Артынша оқушы мәйітпен жыныстық қатынасқа түскен деген мәлімет бар.

"Сонымен кәмелетке толмаған сотталушы өлген адамның мәйітін қорлап, өзінің іс-әрекетін, яғни ҚР ҚК 314 бабы 1 бөлігінде көрсетілген қылмысты қасақана жасаған. Кәмелетке толмаған сотталушы өзінің қылмыстық әрекетін әрі қарай жалғастырады. Жәбірленуші Оңғарбаеваның шалбарының оң қалтасынан самсунг ұялы телефонын алып алған. Жасаған қылмыстық іс-әрекетін жасыру мақсатында мәйітін қара түсті политэтилен пакетке орап, тұрғын үй ауласында тұрған құрылыс арбасына салып, қоқыс жәшігінің жанына апарып тастаған", – деп мәлімдеді мемлекеттік айыптаушы Нұржігіт Ерментай.

10 күн бойы табылмаған келіншекті алдымен күйеуі, кейін туған-туысы іздеуге кіріседі. Бірақ жан-жақты шарлағанымен Диананы табу мүмкін болмапты. Тек оныншы тәулікте екі баланың анасын қоқыс тазалаушы жұмысшылар көріп қалған. Қызының адам танғысыз күйін көрген анасы мәйітті сау-тамтығы қалмағанын айтады.

"Біз қанша күннен бері іздедік. Бала Қасқасудың тумасы дегеннен кейін Қасқасудың бәрін іздедік, таппадық. Қаратаудың полицейлері де іздедік деп, іздемеген. Мен 28 күні арыз жаздым. 29 күні Астанаға тағы бір арыз жаздым. Содан кейін ғана телефонын тауып берді. 31 күні қызымның денесі қоқыстан табылады. Сонда полицейлер іздемеген бе? Өз жұмыстарын дұрыс жасағанда мұндай болмайтын ба еді. Бұлай қиналып өлмейтін еді ғой", – дейді марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева.

Айыпталушының үстінен үш бап бойынша іс қозғалған. Ол қасақана кісіп өлтіріп, оны қорлап, мүлкін иемденіп алу баптары. 16 жастағы үйінде бес баланың ортаншысы екен. Қазір ол 11-сынып оқуы керек болатын.

Тэгтер:

Шымкент мәйіт