Түнгі уақытта полицияға жедел жәрдем жүргізушісі хабарласып, белгісіз ер адамның Бейбітшілік көшесінде қызметтік көліктің алдыңғы терезесін сындырғанын жеткізген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тексеру кезінде 44 жастағы азаматтың мас күйінде көшеде кетіп бара жатып, алдынан өткен жедел жәрдем көлігіне барсеткасын лақтырғаны анықталды. Салдарынан көліктің алдыңғы әйнегі зақымданған.
Полиция қызметкерлері оған қатысты «Ұсақ бұзақылық» бабымен әкімшілік хаттама толтырды. Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Тағы бір осындай оқиға түнгі сағат үш шамасында болды.
Мас ер адам аялдама павильонының әйнегін сындырған. Куәгерлер бұл туралы полицияға хабарлады, оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктіні дереу ұстады.
Оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 147-1-бабының 1-бөлігі – «Өзгенің мүлкін әдейі бүлдіру немесе жою» бойынша хаттама толтырылды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке қамалды.
Жыл басынан бері Астанада бөгде мүлікті әдейі бүлдіру немесе жою бойынша 200-ге жуық құқық бұзушылық тіркелген. Сол кезеңде «Ұсақ бұзақылық» бабымен 3 мыңнан астам адам жауапқа тартылған.