Түнде әлеуметтік желіге жазба жариялау психикаға зиян болуы мүмкін

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Бристоль университетінің (Ұлыбритания) ғалымдары түнде әлеуметтік желілерді пайдалану адамның психикалық денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері түнгі белсенділіктің ұйқы сапасын төмендетіп, мазасыздық пен көңіл күйдің құбылуына әкелетінін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар 18 бен 60 жас аралығындағы 310 адамның мінез-құлқын ұзақ уақыт бойы бақылап, олардың бұрынғы Twitter, қазіргі X әлеуметтік желісіндегі 18 мыңнан астам жазбасын талдаған. Қатысушылардың көңіл күйі мен эмоционалдық жағдайы арнайы сауалнамалар арқылы бағаланды.

Зерттеу нәтижесінде түнгі уақытта әлеуметтік желі қолдану психикалық жағдайдағы өзгерістердің шамамен 2 пайызын түсіндіретіні анықталды. Ғалымдардың пікірінше, түнгі жазбалар мен хабарламалар ұйқыны кешіктіріп немесе оның сапасын бұзып, организмнің табиғи ырғақтарын өзгертеді.

Сонымен қатар, смартфон экранындағы көгілдір жарық мелатонин гормонының бөлінуін тежейді: бұл ұйқысыздық пен когнитивтік қозуды күшейтеді. Кейбір қатысушыларда депрессия мен мазасыздық белгілері де байқалған.

Мамандар әлеуметтік желілердің қауіпсіз қолданылуын арттыру қажет деп санайды. Мысалы, TikTok-та түнгі уақытта жастардың лентаны шектен тыс айналдырмауы үшін медитациялық бейнелер көрсетілетін арнайы режим бар.

Зерттеу авторларының айтуынша, мұндай ғылыми жұмыстар қоғамдағы әлеуметтік желі мен психикалық денсаулық арасындағы байланысты тереңірек түсінуге және зиянды пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік береді.

Тэгтер:

Әлеуметтік желі жазба зиян психика түн