Америкалық ғалымдар адамның қартаю процесі мен денсаулық жағдайы ата-ананың генетикалық ерекшелігіне тікелей байланысты екенін анықтады. Пенсильвания университетінің зерттеушілері ДНҚ құрамындағы теломерлердің (хромосоманың соңындағы қорғаныш бөліктер) ұзындығы ата-анадан балаға қарапайым жолмен ғана емес, ерекше биологиялық механизм арқылы берілетінін дәлелдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар бұл құбылысты алғаш рет эмбрионның дамуының ең ерте кезеңінен, тіпті екі жасушалық сатысында-ақ байқаған. Зерттеу нәтижелері Current Biology журналында жарияланды.
Теломер хромосомалардың ұшындағы ДНҚ тізбегі, ол жасушалардың бөліну санын шектейді. Теломер қысқарған сайын жасуша қартаяды. Сондықтан теломер ұзындығы адам ағзасының биологиялық жасымен тікелей байланысты.
Зерттеуде ғалымдар ұзын және қысқа теломері бар екі түрлі тұқымды тышқандарды будандастырған. Нәтижесінде, әкесінің теломері ұзын болған жағдайда ұрпағының да теломері ұзарған, ал анасының теломері ұзын, бірақ әкесінікі қысқа болса, ұрпақта теломер керісінше қысқарған.
Зерттеу барысында ғалымдар бұрын тек қатерлі ісік жасушаларында байқалатын ерекше ALT (Alternative Lengthening of Telomeres) механизмінің іске қосылғанын анықтады. Бұл механизм теломеразасыз-ақ ДНҚ тізбегін қайта біріктіріп, теломерді жасанды түрде ұзарта алады.
Бұл жаңалық адамдарға да тән болуы мүмкін: бұрыннан белгілідей, егде жастағы әкелерден туған балалардың теломері ұзағырақ келеді.
Теломердің ұзындығы қартаюдың биологиялық көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар қатерлі ісік, Альцгеймер және жүрек аурулары сияқты жасқа байланысты дерттердің даму қаупін бағалауға мүмкіндік береді.
Қазір ғалымдар теломер құрылымын адам отбасыларында ана, әке және бала деңгейінде зерттеу үшін ДНҚ-ны ұзын тізбектер бойынша секвенирлеу әдісін қолдануда.
Зерттеу жетекшілері атап өткендей, бұл жаңалық адам генетикасын, тұқым қуалайтын ауруларды және ұзақ өмір сүрудің биологиялық тетіктерін түсінуге жаңа жол ашады.