2 253 сөзден тұратын есім: Жаңа Зеландия азаматы рекорд үшін атын өзгерткен

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: guinnessworldrecords.com

Жаңа Зеландияда тұратын Лоуренс Уоткинс есімін 2 253 сөзге дейін ұзартып, әлемдік рекорд орнатты. Ол осылайша ресми түрде ең ұзын жеке есім иегері атанып, есімі Guinness World Records кітабына енді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бәрі 1990 жылы басталған. Уоткинс сол кезде ерекше жетістікке қол жеткізгісі келіп, рекордтар кітабын түгел оқып шыққан.

«Мен қызық әрі оғаш рекордтармен әуестенетінмін, өзім де сондай біріне қатысқым келді. Ұзын есім рекордын жаңарту – қолымнан келетін жалғыз мүмкіндік еді», – дейді ол.

Ол бірнеше жүз доллар төлеп, арнайы машинкамен 2000-нан астам есімді тергізіп, заңды түрде өтініш берген. Аудандық сот өтінішін қабылдағанмен, тіркеу қызметі бас тартқан. Бірақ Лоуренс тынбай, істі Жоғарғы сотқа жеткізеді және сол жерде жеңіске жетеді. Кейін мұндай жағдай қайталанбауы үшін ел билігі заңға өзгеріс енгізген.

Ерекше есім алғашында 2310 сөзден тұрды, кейін Гиннес ережелеріне сай 2253 деп бекітілген. Лоуренс өз тізімін қалалық кітапханада жұмыс істей жүріп, әртүрлі кітаптар мен әріптестерінің кеңесі арқылы жинаған.

«Маған ең ұнайтыны – AZ2000 деген сөз. Бұл менде А-дан Я-ға дейінгі әріптермен басталатын екі мыңнан астам есім бар дегенді білдіреді», – дейді ол күліп.

Қазір Уоткинс есімін ешбір мемлекеттік құжатқа сыйғыза алмайды, бірақ бұл оған атақ әкелді.

«Бұл рекордты біреу бұза ма, белгісіз. Бірақ мен Жер шарындағы сегіз миллиард адамның ішінде бірегей екенімді нақты айта аламын», – дейді ол.

Тэгтер:

есім рекорд