Түркістан облысының Сауран ауданында көпбалалы отбасында үшем өмірге келді. Анасы мен сәбилер перзентханадан үйіне шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
38 жастағы бес ұлдың анасы 20 қыркүйекте екі қыз бен бір ұл босанды. Сәбилер жүктіліктің 35-аптасында жоспарлы кесарь тілігі арқылы туған. Нәрестелердің салмағы 1940, 2000 және 2100 грамм болды.
Бірнеше күн бойы ана мен нәрестелер дәрігерлердің бақылауында болды, кейін олар үйіне шығарылды. Жаңа туған сәбилерге Сәфия, Әмір және Хадия деген есімдер қойылды.
Сауран аудандық емханасының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары отбасыны қуанышымен құттықтап, қазіргі уақытта ана мен үшемнің жағдайы жақсы екенін және дәрігерлердің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.