Бүгін «AMANAT» партиясының белсенділері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері Астанада қалалық сенбілікке қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оларға қоршаған ортаның жай-күйіне бейжай қарай алмайтын жергілікті тұрғындар, атап айтқанда көрші ауланың балалары қосылды. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық жобасы аясында өтті.
Сенбілікке «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысты. Партияластар «Күйшiлер» аллеясының жиегіне қарағай, шетен, тал және жөке ағаштарының 100-ге жуық көшетін екті.
Президент биылғы Жолдауында тазалық және табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениеті қоғамда терең орнығуға тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл ретте, жүздеген мың қазақстандықты ортақ мақсат төңірегінде топтастыратын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы ерекше маңызға ие. Оның аясында «AMANAT» партиясы апта сайын ел аумағында игі дәстүрге айналған «Таза бейсенбі» акциясын өткізуде. Былтыр маусым айында бастау алған акция аясында 1000-нан астам ластанған учаске тазаланып, абаттандырылды.