Дәрігерлер мен емханалардың қызметі рейтинг бойынша бағаланбақ

Алматы қаласында дәрігерлер мен емханалардың қызмет көрсету сапасы арнайы  рейтинг бойынша бағаланады, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Арнаның хабарлауынша, қолға алынған арнайы жоба Алматы қалалық прокуратурасының  бастамасымен «almatymed.kz» сайты арқылы жүзеге асырылмақ.

Аталмыш сайт арқылы кез келген  алматылық тұрғын медициналық мекеме мен оның қызметкерлеріне алғысын  білдіріп, арыз-шағымдарын да қалдыра алады. Дәл осы бағалау арқылы ақ халаттылар мен емханалардың рейтингісі  шығарылып, емделушілердің таңдау жасауына септігін тигізеді.

Мәліметтер  жинақталған бұл жүйенің басты артықшылығы – барлық пікірлердің бір жерге  топтастырылатындығында. Сонымен қатар, мұндай әдіс арқылы Прокуратура  денсаулық сақтау саласындағы  заңбұзушылықты дер кезінде анықтап, шара  қолдануға мүмкіндік алады.

Айта кетейік, өткен жылы Алматы қаласындағы медициналық ұйымдарға азаматтардан 500-ге жуық арыз-шағым түскен. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2 есеге көп. «Мұның басты мақсаты – медицина саласындағы ақпараттарды азаматтарға еш кедергісіз толық жеткізу. Ем алып жатқан азаматтар енді өзіне қандай медициналық мекеме керек екендігін осы портал арқылы көре алады», – дейді Алматы қаласы прокурорының орынбасары  Жандос Өмірәлиев.

Back to top button