"Жәннат ағашының жемісі": інжірді қалай жеген жөн?

10 қазан, 2025 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

Інжір адамзат тарихындағы ең көне жемістердің бірі. Оны ежелгі дәуірде «жәннат ағашының жемісі» деп атаған. Бүгінде інжір тек ас мәзірінің сәні ғана емес, денсаулыққа да мол пайда әкелетін табиғи дәрумен көзіне айналды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Інжірдің отаны – Жерорта теңізі мен Батыс Азия. Археологтар бұл жемістің адамзат мәдениетінде 11 мың жылдан астам тарихы бар екенін дәлелдеген. Киелі кітаптар мен ежелгі грек мифтерінде де інжір туралы жиі айтылады. Мысалы, Адам мен Хауа жапырақ ретінде дәл осы ағаштың жапырағын пайдаланған дейді аңыздар.

Інжір – табиғи мультивитамин. Оның құрамында:
– С, В, Е және К дәрумендері;
– темір, кальций, магний, фосфор мен калий;
– табиғи қант пен өсімдік талшықтары бар.

100 грамм інжір шамамен 70–80 килокалория береді, сондықтан ол пайдалы әрі жеңіл тәтті ретінде танылған.

Дәрігерлер інжірді жүрек пен қан тамыр жүйесін қорғаушы жеміс деп атайды. Калий мен магний қан қысымын тұрақтандырып, холестерин деңгейін төмендетуге көмектеседі.

Инжірдің талшығы асқорытуды жақсартып, ішектің жұмысын қалыпқа келтіреді. Ал құрамындағы табиғи антиоксиданттар ағзаны ерте қартаюдан сақтайды.

Құрғақ інжір суық тию, жөтел және тамақ ауруларына қарсы дәстүрлі халық емінде де қолданылады. Сүтке қайнатып ішсе, тыныс жолдарын тазартады.

Інжір тек денсаулық емес, сұлулық жемісі де. Ондағы Е дәрумені теріні нәрлендіріп, шаш пен тырнақтың беріктігін арттырады. Сонымен қатар, серотонин деңгейін көтеріп, көңіл күйді жақсартады.

Жаңа піскен інжір – ең пайдалы түрі, бірақ ол тез бұзылатындықтан көбіне кептірілген күйінде сатылады. Таңертең ашқарынға немесе кешкі жеңіл асқа қосқан дұрыс.

Кептірілгенін йогуртқа, сұлы ботқасына немесе жаңғақтармен бірге тұтынса, ағзаға қуат береді.

Тэгтер:

пайда Інжір