Әйел болып киіну сәнге айналды

Әйел болып киіну сәнге айналды

Әйел болып киіну сәнге айналды
ашық дереккөзі
Сахна тазалықты, шынайылықты сүйеді дейміз. Ал тіл – сахна құралы. Бұл арқылы сахна мәдениеті қалыптасады. Алайда «ауыз менікі» екен деп, көрерменге арзанқол әзілдерді тықпалай беру мәдениеттің қай түріне жатады? Тіпті, әйел образын сомдауға құмар ер азаматтар жұртты тамсандырып жүрміз деп ойлай ма? Соңғы кезде бұл көрініс белең алып кетті десек, ешкім теріске шығармас, сірә?! Шыны керек, қазір желісі әзілге құрылған бағдарлама да, шоу да көп. Әрі бәзбір телеарналар күндіз-түні эфирлік уақытын әзіл-сықақ театрларының қойылымымен толтырып отырғаны тағы бар. Оны сан мәрте қайталаудан жалықпайды. Мейлі, көгілдір экраннан беретін басқа тұшымды дүние таппаған шығар, десек те көрерменді осыншалық мезі етуге бола ма? Бір кезде көрермен талғамынан шығу деген түсінік бар еді. Кейінгі жылдары бұл да әдірем қалып бара жатқандай ма, қалай? Біріншіден, әзіл-сықақ театр әртістері халықты күлкіге қарық қыламын деп белден төменгі анайы әңгімелерді қалыпты әзіл арқауына айналдырып алды. Екіншіден, қазір қайсыбір әзіл-сықақ театрының қойылымдарын қарасаңыз, ер азаматтар әйел образын сомдауға құмар. Неге? Бұл ненің белгісі? Осындай оғаш қылықтары арқылы көрерменді жалықтырғаны былай тұрсын, жирендіріп жібергенін білмей ме? Иә, кезінде «Тамашаның» тарланы Құдайберген Сұлтанбаев та әйел образын жиі сомдады. Құдағи да болды, бақсы да болды. Бірақ әртіс рөлді аспаннан алған жоқ. Сомдаған образдарының прототипі қоғамда бар кейіпкерлер. Әрі ойнаған рөлдеріне әртістің сыртқы пошымы да келіп тұратын. Қысқасы, сүйсінген жұртты сөзсіз иландыратын еді. Содан ба екен, көрерменнің Құдайберген Сұлтанбаевқа деген ықыласы ерек-тін. Ал бүгінгі әзіл-сықақ театр әртістері «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегеннің керін келтіріп жүрген сияқты. Кейбір театр ұжымын алсаңыз да, міндетті түрде мінезі шайпау, ұрысқақ немесе аузы сүйреңдеп, күйеуін жамандаған көкбет әйелдің образын сомдауға кетәрі емес. Күлдірудің жолы осы деп, әртістердің көбі сахнаға әйелдің рөлін алып шықсам, қазақы аудиторияға майдай жағамын деген түсінікте жүргендей әсер қалдырады. Жаңашылдыққа ұмтылу, еңбектену, іздену жоқтың қасы. Елдің алдына бір образбен жиі шығады тағы. Түр-тұрпатының көзге түрпідей көрінетінін, дауыстарының құлаққа жағымсыз естілетінін білсе ғой, сабаздарың. Айтпақшы, осыдан бір жыл бұрын жазушы, қазақы салт-дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметова соңғы кезде әзіл-сықақ театр әртістерінің әйел образын сомдауға аса әуес болып бара жатқанын қынжыла айтып,  елді күлдіремін деп, талай нәрсені бүлдіріп жүрген әртіс еркектерді қатаң сынға алды. «Айта-айта шаршадым, бірақ әлі айтып жүрмін. Теледидарды бұрап қалсам, «Шаншардың» көрінісі болып жатыр. Бір кемпір сөйлеп тұр, оның өзі еркек. Байқайсыздар ма, біздің қазақтың жігіттері қатын болуға әуес болып алды қазір... Әйтпесе дардай ер азаматтар неменеге сонша әйел болуға тырысады? Басына орамал салып, үстіне көйлек киіп. Ойбай-ау, сонда әйелдің рөлін ойнайтын қыз-келіншектер құрып қалды ма? Толып жатыр. Бірақ та үп-үлкен ер азаматтар әйел болуға құмар болады да тұрады. Ырбыңдайды да тұрады, ырбыңдайды да тұрады. Соны керемет келістіріп те жатқан жоқ», – деп ашынды Зейнеп Ахметова. Айтуынша, қойылымда үш келін қайын атасымен бірге сахнаға шапқылап шығып, оның бірі үлкен кісіні мойнына мінгізіп алған. Сөйтсе, үш келін қайын аталарының туған күніне сондай тосынсый жасауға бел буғанға ұқсайды. «Қараңыздаршы, о заманда бұ заман, келіннің мойнына мінген қазақтың шалын көрдіңіздер ме? Тіпті оқымаған сұмырай шалды көрдіңіздер ме? Жоқ, сұмырай шалдың өзі отырмайды өліп кетсе де келіннің мойнына. Қазақтың келіні қайын атаның кебісіне аяқ сұқпаған. Ененің төсегіне отырмаған, үлкеннің алдын кесіп өтпеген... Соны көрген кішкентай қыздар қалай қабылдайды?», – деді Зейнеп Ахметова. «Дүниенің бәрін білетін «Шаншардың» директоры Уәлибек соған келгенде неге білмей қалды? Немесе анау Жүсіп. Ата сақалы аузына түскен, немере сүйіп отырған жігіт. Сол айтпай ма? «Е, мынауымыз ұят болады. Мынау біздің салтымызға томпақ нәрсе. Мынау қазаққа қиянат, бұлай болмайды. Басқаша күлдірейік, мейлі ит болып үрейік, шошқа болып қорсылдайық. Бірақ, мынаны істемейік» деп айтуға болады ғой. Намыс жоқ бізде. Намыс азайып бара жатыр бізде», – деп ойын түйіндеді жазушы. Ал бұл мәселеге пікір білдірген «Шаншар» әзіл-сықақ театрының басшысы Уәлибек Әбдірайымов артық қыламын деп, тыртық қылған жайы бар. Бұл сынға қатысты уәжін айтқан ол: «Әртіс ол өз өмірін ойнамайды. Осы нәрсені түсіну керек. Ол сахнаға шығып образ жасайды. Әйел образын комедия жанрында нәзік жандылар өте сирек ойнайды. Оларға қиындау соғып жатады. Неге екенін білмеймін, өмірде күлкілі етіп жасай алады. Ал сахнада қолынан келмейді. Ерлер арасында да сахнаға шығып, әйел рөлін сомдаймын деп өз-өзін мазақ қылғандар бар. Сол себептен сынаған уақытта, жалпылама айтпай, шеберлігіне мән берсек. Ал ер адамның барлығына әйел болып ойнауды тоқтатыңдар деп айтуға болмайды. Ол жанрдың заңында жоқ нәрсе», – деп әйел рөлін сомдауға әуес әртістерді қорғап алмақ болды. «Кешегі Құдайберген көкеміз қандай әйелдердің образын жасады сахнада. Не дейміз енді соған. Дұрыс емес деп айтамыз ба?! Неге дұрыс емес?! Әйелдер орындай алмайтын нәрсені орындап берді. Бұл – актердің шеберлігі. Талдағанда, сынағанда осы жағын сынасын. Әйел образын жасай алды ма анау? Жоқ, құры босқа әйелдің киімін киіп шығып, өзі мазақ болып қалды ма? Сол кезде мұны дұрыс деп санар едік», – деп айтылған сынның орынсыз екенін жеткізді ол. Ал театр актері Нұржан Құлшынбаев «Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз бізді көріп қалыпты. Негізі бұған дейін бірде-бір актер әйелдің рөлін ойнамаған екен. Біз ғана ойнаған екенбіз. Сол бізді көріп қалыпты енді. Ол кісіге не айтса да жарасады. Біз көтеруге тиіспіз», – деп сынмен келіссе, әртіс Ғалымжан Қатпаров: «Әзілдеу керек. Әзілдегеннен кейін соны халыққа жеткізу керек. Ол енді қазақтың келіндері мынандай болған деп сыпайы, қолына адыраспан беріп, басына орамал жауып қойсаң халық күлмейді ғой. Халықты жылату оңай, күлдіру өте қиын» деп мұның бар болғаны шынайы өмірді бейнелемейтін қалжың екенін тілге тиек еткен болатын.  width= Алайда өнерлі ұжымның бұл пікірі қоғамда сынға ұшырады. Белгілі журналист Марат Тоқашбаев өз парақшасында бүгінгі қазақ қоғамы «қатын» образына мұқтаж еместігін, азамат образы қажет екенін баса айтты. Тіпті, бірі: «Анасын, әжесін мазақтап, тиын тапқанына қуанады...», «Ол еркектің шамасы әйелге ғана жеткеннің көрінісі. Қолдарынан келсе, депутаттар мен шенеуніктерді нысанаға алмай ма?» деген пікір қалдырса, тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы: «Сол қатын болып ойнап жүргендердің еркектігіне күмәнім бар. Үйінде қатыны еркек рөлінде ойнайтын шығар» деп жазғаны да көпке ой салған еді.

Әйел образы арқылы танылған әртістер

Әйел образының арқасында «нан тауып» жүрген әртістердің көшін Нұртас Адамбай бастап тұр. Ол бұл образға 7-арнадағы «Побег из аула», «KZландия» шоуы арқылы келіп, ақыр аяғында «Сәбина келін» атты фильм түсіріп, өзі басты рөлде ойнап шықты. Нұртас Адамбайдың бар-жоғы 300 мың долларға түсірілген «Сәбина келіні» айналдырған бес күннің ішінде 112 млн теңге жинаған. Табысқа кенелген әртіс іле-шала «Сәбина келінка – 2» фильмін түсіруге кірісіп кеткендігінің сыры осында жатса керек. Бұл туралы сыншы Әсия Бағдәулетқызы: «Сәбина келінка – 2» – біріншінің жалғасы. Комедия неге жалғасты десеңіз, біріншісінен қыруар қаржы тапқан соң, режиссер бұл тақырыпқа шынын айтқанда, «дәнігіп» алды. Қаладан ауылға келіп, өз тәртібін орнатқан тапқыр келіннің образы ұнамды болғанымен, карикатуралық мәнерде шешілген басқа кейіпкерлер (ене, ата, күйеу) керісінше әсер етеді. «Сәбина келінка – 2» фильмінің негізгі кемшілігі – бұл бірінші фильмдегі әзілдерді, ситуацияларды қайталау ғана болып шықты. Және түптеп келгенде, мұныңыз әлі кино емес, скетчтердің жиынтығы ғана. Нұртас кәсіби телевизияшы болғанымен, кәсіби киногер емес екенін байқатып қойды. Бірақ бұл фильмдердің шытырлатып касса жинайтын себебі, сұранысқа сай болып тұр. Бізде кино эстетикалық бірлік ретінде ешкімді қызықтырмайды. Мақсат кино көру емес. Мақсат – көңіл көтеру», – деп тоқетерін дөп басыпты.  width= Алайда «Сәбина келінді» жарыққа шығарған режиссер Нұртас Адамбай қыз балалардың барынша сабырлы болуы керектігін айтып, өзінше кеңес беріпті. «Ақылды болыңыздар, өздеріңіздікі рас болса да, ер адамдармен сөз таластырмаңыздар. Аз күтсеңіздер, барлығы өздеріңіз күткендей болады. Әйел адамның бойында шыдамдылық, даналық, сабырлық пен махаббат сынды қасиеттер болуы тиіс. Егер осылардың біреуі жетіспесе, ер адамдар өзін жайсыз сезінеді», – депті келіннің образын өзіне таңып көрген актер. Сонымен қатар, ол ешқандай қаржыға Сәбинаны шын өмірге шығарғысы келмейтінін айтты. «Сәбина образы маған әйел болып көруге мүмкіндік берді. Мәселе олардың үй шаруасында көп жұмыс атқаратындығында емес, расымен де дүниеге әйел болып келудің қиындығында. Түсірілім барысында маған 40 минут бойы грим жасады: кірпік жабыстырып, бетіме опа жақты, басыма жасанды шаш пен туфли кигізді. Сіздер мұның барлығын қалай ғана киесіздер! Сондықтан маған хабарласып, Сәбина келіннің тойға келуін өтінген кезде, көп ақша беретіндіктерін айтса да, бас тартамын. Бұл менің қаталдығымнан емес, бар болғаны өзімді гримдеп жатқанын елестетемін. Осылай жасағанның өзінде өзімді жайсыз сезінемін. Сәбина – ол фильм кейіпкері, оны шынайы өмірге шақырғым келмейді», – деді әртіс. Бұл бастама кино түсіруге тақырып таппай жүрген режиссерлерге азық болды ма, көп ұзамай Асқар Ұзабаевтың комедия жанрында түсірілген «Келін де адам» фильмі көрерменге жол тартқаны есте. Бұдан өзге әйел образымен танылған әртістер жетіп жатыр. Атап айтқанда, «Шаншар» театрының әртісі Нұржан Құлшынбаев пен «Шымкент-шоу» әзіл-сықақ театрының әртісі Берік Тұрсынбеков қазан-ошақ айналасындағы келіншектің рөлін сомдауда алдына жан салған емес. Дегенмен, «Күлпаш» образымен танылған Берік Тұрсынбеков соңғы жылдары әйел рөлін сомдауды қысқартқанын байқадық. Ал «Базар жоқ» театрында бірнеше жыл бойы Шүмән апа рөлін ойнап жүрген Ерболат Төлегеновті басқа рөлде елестету қиын. Шын мәнінде, Берікті де, Ерболатты да былайғы өмірде ер азамат ретінде қабылдай алмаймыз. «Алдараспан» театрының да әйел рөлін сомдайтын өз әртістері бар. Соңғы кездері бұл міндетті актер Шәкен Амантуров атқарып жүр. Ал «Өнер қырандары» актерлерінің ішінде әйел рөлі көбіне Жанболат Найзабековке беріледі екен. Талантты әртіс «72 сағатта үйлену» фильмінде әйел рөлін сомдап шыққан. Сондай-ақ, КВН жұлдызы Нұрбол Айтулов «Нысана» театрына келген соң мінезді қыздар мен келіншектерді сомдап жүргені көрерменге белгілі. Алайда осы театр әртістерінің кейде шектен тыс шығып, анайы сөздерді жиі тілге тиек ететіні көпке мәлім. Бұл жөнінде жұрт не дейді? Біз әзіл-сықақ театрлары басты нысанаға алған әйел образы жайында қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген мамандардан сұраған едік. Мағира Қожахметова, жазушы:  – Жап-жас жігіттердің әйелдердің киімімен ақыл айтып, сайрайтыны, түрлі әзіл, әңгіме айтып отырғандай түр танытуы сондай жасанды, әрі жиіркенішті көрінеді маған. Масқара болғанда, әже бейнесіне енген әртістердің қасында белгілі тұлғалардың сұхбат беретіні кездеседі кей телеарналарда. Ертеректе орыс актерлерінің кемпір бейнесінде өнер көрсетіп, халыққа танымал болғаны есімде. Шамасы, жөнін, амал, тәсілін тапса керек, өйткені олар қазіргі біздің көріп жүрген кейіпкерлеріміздей сүйкімсіз әсер туғызбайтын. Және әзіл-оспақтың оспадар, яғни диалогтарының оғаш жазылуынан да шығар. Әйтпесе ана, әжелерге қатысты ойнақы да жеңіл, көңілді дөп басар бейнелер жасауға болатын да шығар. Мұндай образ жасағысы келсе, тым құрығанда роман, повесть, әңгімелерден алып, пайдаланған жөн ғой. Жастар ізденгісі келмейді, әдебиетіміздің байлығынан мүлдем мақұрым. Ауызекі тұрпайы сөздерін кім дайындайды екен сонда?.. Бәлкім, біз, жазушылар да кінәлі шығармыз, осы жанрға назар аудармай келе жатқан, бүгінгі тіршілік тынысынан небір езу тартар жәйт, көріністерді дайындап беру керек шығар... Сахнадан жер-көкте жоқ, бүгінгі кемпір-шалға ұқсамайтын бейнелерді ғана көруге әбден дағдыланып алдық. Бүгінгі заманның Бейімбет Майлині жоқ қазір, оның кез келген әңгімесі дайын сахналық нұсқа ғой, шіркін... Алайда авторларға тапсырыс беріп, осы жағын реттеу қажет.   Көпен Әмірбек, сатирик-жазушы:  – Еркектердің әйел бейнесін сомдауының тарихына көз жүгіртейікші. Ертеде театр құрылғанда қазақ ұғымында «әйелдерді сахнада ойнатуға болмайды, ол шайтанның ісі» деген түсінік болған. Бірақ еліміз өнерді өрге сүйреу үшін спектакльдердегі, драмалардағы әйел бейнесін сомдау үшін, еркектер амалсыз арулардың кейпіне енген. Неге? Қайткен күнде де қазақ әйелінің мінезін, қазақ анасының бейнесін көрерменге көзайым етіп тарту керек болды. Лажсыз, осындай амалға барғаны тарихтан белгілі. «Жоқтық жомарттың қолын байлайды» дейді ғой. Қазақ өнерін дамыту үшін айдай сұлу аруларды іздеп, таппаған. Сұлулар болған. Бірақ барлығы қазақтың қанында жоқ, жанына жақын емес жат өнер деп есептегендіктен, сахнаға жоламаған. Ал қазір сахнада әйелдің киімін киіп, жыртақай рөлдерді ойнау жоқтықтан емес, тоқтықтан. Көрерменді алдамшы күлкіге байлап қойып, соны сайқымазақ ету, сол арқылы көркем дүниені көжеқатық етіп, халықтың қамын емес, қалтаның қамын ойлағаннан шыққан тәсіл ме деп ойлаймын. Көркем дүниені көжеқатық етуді ойлаған адам тоқырайды, әлсірейді. Біздің көптеген ер актерлер әйелдің бейнесіне еніп, жақсы өнердің жаназасын шығарып жатыр деп есептеймін. Осыдан қырық жылдай бұрын «Тамаша» ойын-сауық отауында марқұм Құдайберген Сұлтанбаев та әйелдердің рөлін ойнады. Құмалақшы әйелдің, ененің рөлін алып шықты. Бірақ сахнаға дәл бүгінгідей балтырына колготки киіп, шолақ юбкамен, алқам-салқам, ашық-шашық шыққан жоқ. Ол әдептен аспады. Себебі қазақ сахнасын қадірлей білгендігі деп білемін. Қазіргі жыртақай, шайтан көріністің бәрі – тіпті, иманға ұйыту емес, иманнан бездіру. Бұдан қандай тәлім-тәрбие аласың? Біз көрерменді жетектеуіміз керек. Олардың көзін ашуымыз қажет. Керісінше сана-сезімі оянбаған ұйқыдағы жастардың соңынан біз ереміз. Сонда не болғанымыз? Қазақ «Жетектеп қосқан тазы түлкі алмайды» дейді. Көрерменді тәрбиелеудің орнына, керісінше жастар біздің арзанқол актерлерді жетектеп жүр. Жыртақай күлкі, ойланбайтын, толғанбайтын өнердің құны көк тиын. Бұл кімге керек? Бізде үрдіс деген жақсы сөз бар. Бұл үлгі деген сөз. Ал қазіргі әртістердікі үлгі емес, әшейін қолыңды сүртіп кететін сүлгі.    Шәйза Омарова, зейнеткер-ұстаз:  – Әзілдің астарында үлкен шындық пен тәрбие жату керек. Тұрсынбектің барлық әзілдері осы талапқа сай, астарында шындық жатады. Күлдіре отырып ойландырады. Өкінішке қарай, басқа театрлар бұл үдеден шыға алмайды. Сондықтан «Базар жоқтан» басқа театрды қарамаймын. Әзіл-сықақ театрларының концерттеріне бармаймын. Бос айқай-шумен шаршатып жібереді, теледидардан да көрмеймін. Себебі 2-3 сағаттық концертте бір-ақ рет күлуің мүмкін, бәрі бір сарында, бір-бірінен өзгешеліктері жоқ. Күлкі – күрделі жанр. Адамды жылату оңай, күлдіру қиын. Біз қазір не мәселеге күліп жүрміз? Қандай мәселеге күлуге болады, ал қайсысына күлуге болмайды? Менің түсінігімде бұл жанр әртістерінің негізгі қағидасы осы болса керек. Өкініштісі сол, біздің әртістерімізді бұл мәселе ойландырмайтын сияқты... Балаларға арналған тұшымды дүниелер жоқтың қасы, осы жанрдың да жазушылары көп деп айта алмаймын. Сондықтан болар, қазір әзіл-сықақ әртістерінің өздері жазып, өздері орындап жүргендерін байқаймыз. Олардың мақсаты – әйтеуір күлдірсем болдыға саятындай. Бірінші кемшіліктері, тақырыбы көбінесе – әйелдер, екіншіден, айғайлап сөйлеу. Сонда біздің қазақ әйел араласпаса күлмеген бе және бізде тек бейшара, бетпақ немесе жарты ми әйелдер ғана бар ма? Әлде бұл әйелдерді келемеждеудің бір түрі ме? Халықты күлдіру үшін міндетті түрде аналарымызды, қыздарымызды келемеждеу керек пе? Күлкінің деңгейін қарапайым халықтан гөрі интеллигенция өкілдерін күлдіре алатындай дәрежеге көтерсе жақсы болар еді, сонда бүкіл халық күлер еді деп ойлаймын. Басқа елдерге қарасаң, еркектердің әйел киімін киюі өте аз, ал бізде жаппай киіну – театрлардың негізгі қаруы. Меніңше, бұл келемеждеу сияқты. «Келемежге әуестік кейде ақылдың жұтаңдығын көрсетеді» деген ғой Ж. Лабрюиер. Осыны ескерсе екен дегім келеді. Үшіншіден, бүгінгі қоғамда белең алып бара жатқан қызтекелердің көбеюін насихаттап кетпейсіздер ме деген де ой туады. Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Оңай емес. Десек те осы мамандықты таңдаған соң, осы істі мойынға алған жұлдыздарымыздың көңілден шыққандарына не жетсін?! Әзілдерінен әртістеріміздің жеңіл-желпіге әуестенулері олардың жан қинап, аса ізденбейтіндерінен бе екен... «Күлкі тұз секілді, мөлшермен қолдануы тиіс» деген ғой Пифагор. Осыны есте ұстансақ етті.   Жанболат Найзабеков, «Өнер қырандары» театрының әртісі:  – Біз театр болғаннан кейін, алдымен қойылатын қойылымды талқылаймыз. Бірінші, театрдың тілімен айтқанда, қаңқасын жасап аламыз. Сосын оған ет жапсырамыз. Содан кейін барып, кішкене шеті көрінді-ау деген кезде образ таңдаймыз. Осы образға осындай келеді, ана образға мынау үйлеседі деген секілді. Кім қай образға жақын, неге икемі бар, қай рөл оң жамбасына келеді, бәріне мән беріледі. Ал өзім әйел образын сомдаудан бас тарттым. Өйткені бұған шариғатта рұқсат етілмеген. Құранда солай жазылған. Былайша айтқанда, «Әйел адамның кейпіне кірген адамға Алла Тағаланың лағнеті болсын» деген. Мұсылманға шарт нәрсе емес, лайық нәрсе емес. Дінге қайшы. Алладан қорқамыз. Өйткені ертең барлығымыз жауапқа тартылатынымыз сөзсіз. Сол себепті де түбегейлі бас тарттым. Күлдірту бар, күлкі болу деген бар. Сахнаға шыққанда халық екі түрлі мағынада күледі. Сен күлдірсең, күледі. Сол сияқты сахнада тұрып, күлкі болсаң өзіңе күледі. «Күлдіру – өнер, күлкі болу – өлім» дейді ғой. Кезінде Құдайберген Сұлтанбаев ағамыз да ойнады. Ол кісілердің заманында күлкі бөлек болды. Белден төмен әңгіме айтылған жоқ. Тұшымды әзілдер болды. Бар нәрсе өз дәуірімен ғой. Ол кездің әзілін қазір көрсең, күле алмайсың. Көрермені де басқа еді. Бірақ актерлік шеберлік алдыға шығатын. Ал қазір даусы келсе болды, шыға береді. Шыны керек, бүгінде әзілдің қадірі кетті. Бүкіл халыққа бірдей жағу мүмкін емес. Бізге де «күлдірудің орнына жылатып кетті ғой» деп сын айтады. Әзіл деп өзі айтып тұрған жоқ па, әр қалжыңның астарында зіл болу керек. Құр күлкіден ештеңе шықпайтын сияқты. Сахнадағы көрініс арқылы көрермен түйсігіне ой салып, жақсы жағына өзгеруге ықпал ету керек деп ойлаймын. Ал сахнаға шығып алып, байбаламға сала берудің қажеті жоқ.   Ермек Нұрымов, психолог:  – Қазақ халқы қашанда ұл баланың тәрбиесіне үлкен көңіл бөле білген. «Ұлым болсаң – ұлы мұрадайсың» деп Мұқағали жырлағандай, ұл бала болашақтың қорғаны, ел мақтанышы және болашақ әке. Бірақ қоғамда мұндай ұстанымнан алшақ жігіттер де баршылық. Елді арзан күлкіге қарық қыламын деген мақсатпен әйел кейпіне енушілер көбеюде. Негізі әйел образын ойнау – қазаққа жат қылықтың бірі. Әйел рөлі ме, әйел ойнауы міндетті деп санаймын. Осының салдарынан ер азаматты азамат, батыр ретінде тәрбиелеген бүгінгі қазақ менталитеті әлсіреуде. Оған ең бірінші әсер еткен батыстың көзқарасы. Батыс кінәлі екен деп, енді шекарамызды жауып қоймаймыз ғой! Осы кезде отбасылық тәрбиеге мән беру қажет. Балаларға жастайынан азаматтық құндылықты қалыптастыру керек. Елді күлдіру үшін әйелше киінген жігіттердің бүгінгі өсіп келе жатқан жас жеткіншектердің психологиясына қандай ой салып жатқанына мән беріп, бас қатырып отырған ешкім жоқ. Егер осы қалыптан қол үзбей, үнемі сол образда жүре берсе, еркектік психологиясы әйелдік кейіпке айналып, күнделікті өмірде жүріс-тұрысы, қарым-қатынасы қыздардікіндей болып қалыптасады. Осыны көрген жас балаларда мұндай образ қалыпты жағдай екен ғой деген түсінік пайда болады. Осының салдарынан әйел образына құмар жігіттер көбейе түсе ме деп қорқамын.   Талғат Ақжанов, көрермен: – Иә, әйелдердің образын сомдау қазақ әртістерінің түсінуінше, ең күшті рөл болды ғой. Қайтсін байғұстар, өздерінде нағыз еркектік қасиет жоқ болған соң, ар-ұятты, қадір-қасиетті ұмытып, я болмаса әу бастан ондай қасиеттерден жұрдай болған соң нәпақасын теріп жеп жүрген сорлылар ғой... Сондықтан телеарнаның қазақ тіліндегі бағдарламаларын көруге жиіркенем. Әнебір Берік Тұрсынбеков дейтін шырағымды мен еркек ретінде елестете алмаймын. Еркекше киініп тұрса да, қылықтары әйел секілді. P.S. Біз соңғы жылдары әйел, кемпір образы арқылы нәпақасын тауып жүрген «Шымкент-шоу» театрының әртісі Бекжан Тұрысбековке, «Базар жоқ» театрының әртісі Ерболат Төлегеновке хабарласуға тырысып көрдік. Алайда, телефон қоңырауына жауап берген Ерболат Төлегенов: «Осы сұрақ бойынша ештеңе айтпай-ақ қояйыншы. Ренжімеңізші...» деп тұтқаны қоя салды.