АҚШ-та адамдар ChatGPT көмегімен сотта жеңіске жете бастаған

10 қазан, 2025 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

АҚШ-та жасанды интеллект құралдарының көмегімен сотта өз істерін жеңіп шығушылардың саны артып келеді. NBC News журналистері жүргізген зерттеу кезінде ChatGPT және Perplexity секілді нейрожелілердің көмегімен жеңіске жеткен ондаған іс анықталған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мысалы, Линн Уайт есімді америкалық әйел кәсіби адвокатпен сотта жеңіліп қалған соң, ChatGPT-ті пайдаланып өз ісін қайта қаратуға шешім қабылдаған. Нейробот судьяның жіберген қателіктерін тауып, апелляциялық арыздың құрылымын жасап беріп, дәлелдерді жүйелеп жазып шыққан. Нәтижесінде әйел 55 мың доллар көлеміндегі айыппұл мен 18 мың долларлық қарыздан құтылып, сотта жеңіске жеткен.

Тағы бір мысал – Ричард Хоффман есімді зейнеткер. Ол трейлерде тұрып, ескі ноутбук арқылы ChatGPT көмегімен ондаған азаматтық іс жүргізіп үлгерген.

«Мен енді он адвокат сияқты жұмыс істеймін, бірақ тегін әрі түскі үзіліссіз», – дейді Хоффман әзілдеп.

Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект азаматтарға сот жүйесін жақсы түсінуге, құжаттарды сауатты дайындауға және құқықтық процедураларды жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.

Дегенмен заңгерлер мұндай тәжірибенің заңды салдары әлі толық зерттелмегенін және ИИ кеңестерін бас-көзсіз пайдалану қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді.

Тэгтер:

АҚШ ChatGPT