Ұлттық рухтың темірқазығы

10 қазан, 2025 / Túrkіstan International Political Weekly

Асылы, әр ұлы ақын «әдебиет– халықтың жаны» (Ай­мауытов) екенін әу бастан түйсігіне түйіп, оған адал қыз­мет етуге ішінен ант етіп, азаматтығы мен ар-ұяты сы­­на­латын күреске дайындықпен келетін болса керек. Мой­­нына құрық салдырмайтын мінезі асау ақын­да­ры­мыздың тырнақалды туындыларын парақтаға­ны­мыз­да, дүниеге іңкәр жүрегінің лүпілін ғана сезіп қоймай, жан әлемінің кіршіксіз тазалығы мен азаматтық бейнесінің сағымданған сұлбасын көргендей әсер алатынымыз да сон­дықтан. Егер Жұмекен поэзиясына ат үсті қарамай, әде­биеттегі жүріп өткен жолының әр қадамына ықы­ласпен зейін салсақ, оның ірі тұлғасының тарих сах­на­сында пайда болуының заңды құбылыс екенін аңғара­тынымыз анық. 

Соған қарамастан, әлі күнге дейін Жұмекендей жа­ратылысы бөлек, дара құбылыстың тарих сах­насында қалай пайда болғанының себебін түсіндіріп беру­ге тырысқан жұмыстар жасалмағандықтан, біз әр нәр­сенің басын бір шалып, малтығып келеміз. Тіпті, қып-қызыл даудың тұтанып кетуінен сескеніп, ол сұ­рақ­ты қоюға жүрегіміз дауаламайтын да сияқты ма, қа­лай? 
Жұмекен творчествосы төңірегін­де әңгіме қоз­ғал­ған­да, емтихан «тест­терін» жаттап алған пысық оқу­шы­дай «жұмбақ ақын», «күрделі ақын», «ХХІ ғасырдың ақы­ны» деген сөз тір­кестерімен жұрттың басын қаты­рып, оқырманға ба­ғыт-бағ­дар берудің орнына, оны ке­рі­сінше, қара орманға кіргізіп, жолынан адастырып жі­берген­дей­­міз. Ең өкініштісі ұлы ақыны­мыз­­ды поэзиядағы құ­былыс бол­ған «жұмбақ», «күрделі» өлеңдерді жазуға қан­дай ірі себептер мен әлеу­­­­­меттік жағдайлардың итер­ме­легенін сана сүзгісінен өткізіп, саралап та көр­меппіз. Әде­биетіміздің көрнекті өкілі Темір­хан Медетбек қана «Тереңдік» деп атала­тын мақаласында, бұрын-соңды көп адам байқа­май келген шындыққа айрықша назар ау­да­рып, нағыз ақынның өмірін туған халқының тағ­ды­ры­нан бөліп қарау­ға болмайтынын жақсы жазды. 
Темірхан ағамыз өз мақаласында, ақын өмір сүрген ке­зеңде майы таусылған шамдай өз-өзінен өшіп, бойы­нан нәр кеткен шөптей өз-өзінен семіп бара жатқан ұлт тағ­дырын да, оның әлсіз болса да жүрегінің бір түкпірінде жат­қан арманды аңсарын да жазу мүмкін болмағаны еке­нін айта келіп, Жұмекен жөнінде мынандай ойдың ба­сын қайырады. 
«Міне, осы тұста ол «Күй кітабын» жазды. Күй тілінде сөй­леп тұрған ұлтының зары мен шерін, мұңы мен на­ласын, қайғы мен қасіретін өлең тілінде сөйлеткісі келді. Құр­манғазылар заманындағы отарлық тепкі мен Кеңес Одағы кезіндегі отарлық астамшылдықтың бір-бірінен түк айырмашылығы жоқ екенін ұқты. Айырмашылығы үс­теріндегі киімдерінде. Ол замандағы адамдар үстеріне күпі мен шекпен киіп құл болған, ал бүгінгі адамдар галстук тағып, костюм киіп құл болып жүр. Бар айыр­ма­шы­лық осы. Ал зорлық – сол зорлық. Қиянат – сол қия­нат». (Темірхан Медетбек, Үш томдық таңдамалы жи­на­ғы. ІІІ-ші том. 263 бет) 
 «Күй кітабын» оқыған кездегі біздің де алған әсе­рі­мізді айна қатесіз, қаз-қалпында жеткізген Темірхан ақын­ның байқампаздығына тағы да ризашылығымды біл­діремін. Орыстың ұлы жазушысы Н.Гогольдің «...ұлт­тық сипат дегеніміз сарафанды сипаттауда емес, ха­лық рухының өзегінде жатады» дегені, осындайда есіңе еріксіз оралады. Ой бесігімізді тербеген осы сөздердің растығын мойындағанымызбен, егер де біз табанға түсіп, тап­талып жатқан ұлтының тағдырын ақын ең алғаш «Күй кітабында» суреттеді деген тұжырымға тоқтам жа­сасақ, қара түнек басқан заманда халқының жанына ру­хының жарығын түсіріп, жүрегін елжіреткен Жұмекен жыр­ларының ұлылық қасиетін түсінбеген болар едік. 
Асылы, әр ұлы ақын «әдебиет– халықтың жаны» (Ай­мауытов) екенін әу бастан түйсігіне түйіп, оған адал қыз­мет етуге ішінен ант етіп, азаматтығы мен ар-ұяты сы­­на­латын күреске дайындықпен келетін болса керек. Мой­­нына құрық салдырмайтын мінезі асау ақын­да­ры­мыздың тырнақалды туындыларын парақтаға­ны­мыз­да, дүниеге іңкәр жүрегінің лүпілін ғана сезіп қоймай, жан әлемінің кіршіксіз тазалығы мен азаматтық бейнесінің сағымданған сұлбасын көргендей әсер алатынымыз да сон­дықтан. Егер Жұмекен поэзиясына ат үсті қарамай, әде­биеттегі жүріп өткен жолының әр қадамына ықы­ласпен зейін салсақ, оның ірі тұлғасының тарих сах­на­сында пайда болуының заңды құбылыс екенін аңғара­тынымыз анық. 
Бұл ерекшелік Жұмекеннің алғашқы жинағындағы өлең­дерінен-ақ менмұндалайды. 
Кетті ұлы адам. Қайда кетті? Кім білген,
Кетті әйтеуір хош айтысып бұл күнмен.
Жас ұялап қимас көздер қалды артта,
Аспанының ақ иығын ілдірген.

Енді.. енді туа ма оған жан ұқсап,
Қараңызшы көкжиекке анықтап:
Күншығыс жақ арайланды, батысқа
Бара жатыр қара табыт қалықтап.

Құлады ма күзге ұрынып гүл-үміт, 
Туған жерден тамырымен жұлынып? 
Кімнен ғана айырылдық жұртым-ау, 
Қара жалау қалыпты ғой ілініп!

Топ ішінен ымырт шалған жүздері 
Көңіл байғұс сол ақынды іздеді. 
Көрінбеді ол, танылмады тынысы, 
Жиі соққан көп жүректен біздегі.

Қайда кетті ол бізді тастап – төзбеймін! 
Жүректерге тепті батпай сөз кейін. 
Ақын кетті, топас ажал қолында 
Асыл кетті бір жапырақ бөздейін.

Қайда ғана, қайда ғана жол алдың? 
Көру үшін туып па едік молаңды. 
Ақыл-қиял сөресінен әлемдік 
Бір қалың том құлады да жоғалды.

Жөнелді ақыл, бұл өмірде жұрты қап 
Жыр туады, жыр туады бұрқырап. 
Бір бәйтерек өсіріп ең, туған жер, 
Жел өшірді – жағып едің бір шырақ.

Шер-мұң қалды у жұтынып безерген, 
Ернім қалды сусын аңсап кезерген. 
Бұл өлімге, бұл өлімге төзер де ем – 
Мұқтардан да жүк қалғанын сезем мен.
1961 жылы ұлы Әуезов дүние салғанда шерлі жүре­гінен толқып туған «Мұхтар қайтқанда» деп аталатын ли­рикалық туындыда, ертеңіне алаңдап қалған тұтас бір ұлт­тың қамырықты күйі асқан шеберлікпен соншалықты дәл, әрі шынайы кестеленіп, бұлыңғыр болашағына деген алаңдаушылығы керемет сүгіреттелген. Басқалардың жоқтауына ұқсамайтын, өрнегі өзгеше өрілген өлеңді соңы­на дейін оқып шыққаныңда аза бойың қаза болып, Әуе­зовті қара жердің қойнына қимай-қимай тапсырып, жан дүниесі күңіреніп, ішкі әлемі теңселген мил­лион­даған жанардан «ұлттық рухымыздан айырылып қал­ған жоқпыз ба?» деген көңілдердің алаңдаушылығы мен қиналған сезімдердің арпалысын көріп, ақынның қа­сірет жамылып айтқан ойының тылсым тұңғиығына тереңдей түсесің. 
Күні кешеге дейін ақын творчествосына тоқталған талай еңбекті оқысам да, бірде-бір ақын, жазушы, әдебиетші немесе философтың Жұмекеннің осы өлеңіне көңіл дүрбісін салғанын өз басым байқамадым. Басқа­ларын айтпағанда, тіпті, Жұмекен мұрасының бірден-бір жанашырлары болған Зейнолла, Әбіш, Темірхандардың да сөз арасында болса да осы туындыға тоқталмапты. 
Біз мысалға келтірген осы өлеңдегі «Мұқтардан да жүк қалғанын сезем мен» деп аяқталатын ең соңғы түйін­ді сөзді әдебиеттің киелі босағасынан аттаған кез­дегі Жұмекен жүрегінің адал анты, айнымас серті ретінде қабыл­дасақ еш қателеспейміз. Күңіренген көңілдердің күрсінісін жеткізген жалғыз ауыз сөзде Жұмекеннің ғана емес, алпысыншы жылдары әдебиетімізге келген мінезді ұрпақтың ұлтымыздың жоғын толтыру үшін арпалысып, жанталаса әрекет еткен күресінің мақсатты мәні түйін­делген. Жұмекен творчествосы ұлттық мінезімізді қалып­тас­тырып, әдебиет шаңырағының шайқалып, рухы­мыз­дың түсіп кетпеуіне тірек болған күресте шарболаттай шыңдала түсті. 
Түрлі көзқарас тұрғысынан ақын туындыларын тал­дап, шашыраған шындықтардың басын біріктіруге ты­рыс­қанымызбен, әлі күнге дейін біз Жұмекен поэзия­сында кенеттен жарқ ете қалған ұлы ойдың (великая мысль) ақын жүрегінде қалай тұтанғанын зерттеуге талпынып көрмеппіз. Мағынасы терең әбзел сөздеріне ғана сүйсініп, жауабын іздемек түгіл, «ұлы ойдың ұрығы ақын жанына қалай түсті?» деген күрмеуі күрделі сауалды өзімізге қоймаған да екенбіз. Әдеби сынымыздың Жұ­ме­кен әлемінің мұхиттың түбіндей тереңіне бойлай алмай, бетінде қалқып жүргенінің негізгі себептерінің бірі осында жатыр. 
***
«Әр халықтың өзіне тиесілі еншісі бар» екенін айтқан неміс философы Гегель әлемдік ақыл айналымына тұң­ғыш рет «халықтық рух» ұғымын енгізді. Оның айтуынша, халықтық рухтың арқасында тарихи үдеріс жүзеге асады. Бүгінгі таңда аксиомаға айналған қисынға сүйенсек, күні кеше ғана тәуелсіз ел атанып, азаттыққа қол жеткізген бақытымыздың оңайлықпен бұйыра салған олжа емес, отарлық тепкіге де, шапқыншылыққа да, тоталитарлық қыс­паққа да шыдай жүріп, келешектен күдерін үзбей күре­сіп, жүрегі шерге толған халқымыздың тарихтан ал­ған еншісі екеніне еш күмән қалмайды. Ұлтымыздың ең ұлы мұраты – тәуелсіздікке жету жолындағы өрмегі үзіл­мей, ғасырлардан ғасырға жалғасқан рух майданында елдігімізді қалыптастырып, халқымыздың жігерін жанып, намысын қайраған сөз өнеріміздің атқарған қызметі өлшеусіз зор. 
Қазақтың рухы сергелдеңге түсіп, қолынан билік кете бастағаннан бергі өліара уақыттың бәрінде ұлттық ар­манымызға айналған азаттық идеясы ақындарымыз жырлаған ең негізгі тақырып болды. Жоңғар-қалмақ шапқыншылығы мен орыс отаршылдығы төбе көрсеткен тұста ұлт болып ұйысуға шақырған Бұқар бабамнан бас­тап, ұлт-азаттық көтеріліс поэзиясының дарабозы Махам­бет, жат жұрттық езгіге қарсы күреске үндеген зар заман ақындары Мұрат, Шортанбай, Дулаттар мен Абай­дың рухынан қуат алып ХХ ғасырдың басында Алаш идеясын тарих алаңына алып шыққан зиялыларымыз Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжандардың қала­мын қанды жасына малып отырып жазған шығарма­лары­ның өзегі азаттық идеясымен байланысып жатыр. 
Ұлтымыздың бас көтерер азаматтарының бәрін де жайындай жалмаған жиырмасыншы ғасырда қазақтың санасына шуағын төгіп, рухын кемелдендірген екі үлкен ұлттық құбылыс болды. Біріншісі, Абай ұстан­ған-ағартушылық бағыт, екіншісі, ұлттық тәуелсіздігімізді алып беруді көздеген – Алаш идеясы. Жалғыз пайғам­бары­нан айырылса рухымызға жегі түсіп, бордай тозып кететінімізді әріден ойлаған данышпан Әуезов хал­қы­мыз­ға Абайды аманаттап кету үшін, жанкештілікпен ең­бек етті. Ұлы Мұқаңның толып жатқан тақырыптарға қара­май, Абайға ғана көңіл назарының бұрылуында әде­биетпен бірге ұлтымыздың да ең ұлы мұраты болып та­былатын халықтың рухын сақтап қалуды көздеген мақ­сат жатты. Жүз жыл бұрынғы тарихи ситуацияларды саралаған кейбір ғалымдарымыз Алаш идеясы бесігінде тұншықтырып өлтірілді деген тұрғыдағы ой айтып жүр. Мен мұндай қисынсыз пікірмен түбегейлі келіспеймін. 
Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық топырағымызда қайтадан гүлдеп, жапырағы жайқала бастаған Алаш идеясы тақыр жерге өсіп шыққан бәйтерек емес еді. Ұлттық мұратымызды айшықтаған идеяның рухани тамыры егемендікті аңсаған халқымыздың жүздеген жылдар бойғы арманын көрікті ой, кестелі тілмен жеткізген барлық ұлы ақындарымыздың азаттықты жырлаған елдік мүддесінен бастау алады. 
Күрескерлік қайраты жоғалып, жігері таусылып, халық жер бетінен жойылып кетпесе, көңіл бесігінде тербетіліп, жүрегінде әлдиленіп, ғасырлардан ғасырларға аманатталып, ұлттың топырағына өсіп шыққан ұлы идеясын тамырымен жұлып тастау алып империялардың да қолынан келмейді. «Ақын сөзіне жұрт рухының сәу­ле­сі түспей қоймайды», – деген Ахаңның (Байтұрсын­ұлы) тұжырымы ақиқат болса, Алаш идеясы халықтың жанынан пана тауып, ұзақ жылдар бойы әдебиетінің қан тамырында бүлкілдеп соғып тұрды деуге толық негіз бар. 
Келісу, келіспеу, шарт емес. Дәуірлер барысында терең­дігінің сыры ашыла түсетін Жұмекен поэзиясының жұрт шеше алмай жүрген құпиясының кілті «Мұқтардан да жүк қалғанын сезем мен» деген ойдың астарында жа­сырынғандай болып көрінеді маған. Қайғының жаң­быры үдей түскен өлең жолдарын оқығанда Мұқаң ама­нат етіп кеткен, түпкі мақсаты Алаш идеясымен са­бақ­тасып жатқан жүктің ауырлығын сезіп, халықтың рухы үшін болатын күрестің бұрынғыдан да шиеленісе, бұрынғыдан да қиындай беретінін таразылап: 
Бір күй шертем деп едім – шерте алмадым,
енді маған ақылдың бер тарланын.
Күй алғалы көп болды көңілімді,
жүрегімді көп болды өрт алғалы.

Бір сөз айтам деп едім – айта алмадым,
бұзау болды тұлпармен қайтарғаным.
Жауырына ер батқан кербестідей
Қайқаңдадым, әйтеуір, қайқаңдадым.

Түбі шертем деп келем күйімді мен,
образбен ойымды киіндірем,
Кеуде шіркін табыттан табылғанша,
табылғанша жинағым үйіндіден, – деп көмейіне кеп­телген ащы шындықты ашық айта алмай, өмірі құса­лықпен өткен ақын жүрегінен шыққан күрсіністің сы­рын шын ұға бастайсың. 
Қара көздің басырын, ақ шел қаптап бара жатқан за­манда өмір сүрген Жұмекеннің жан күйзелісін түсінуге бо­латын еді. Ол халықтың көкірек көзін ашып, елдің рухын сілкіндіретін мүмкіндіктердің бәріне кісен са­лын­ған Абай заманынан да күрделі, әрі қайшылықты уа­қыт­та өмір сүрді. 
Он бес жыл бұрын Жұмекеннің қазақ поэзиясына Абайдан кейін үлкен тереңдікті алып келген ақынымыз екенін айтқанымда, менің пікіріммен келіспегендер де болды. Соған қарамастан мен өз сөзімнен танбаймын. Олай болуы заңды да еді. Себебі, азаттық тақырыбын жырлаудың барлық жолдары бітеліп тұрған заманда өмір сүрген ақын ол идеяны халық жүрегіне жеткізетін жол табу үшін том-том кітаптарды қотарып, күні-түні ізденіп, шын­дықтың топырағын Абайдан да терең қазуға мәжбүр бол­ды. Егер ұлы Абай мыңмен жалғыз алысса, Жұме­кен­нің маңдайына сол замандағы бүкіл қоғамдық жүйенің надандағымен арпалысу қасіреті жазылды. 
Абай заманында халқымыздың күндердің-күнінде өз азаттығын алатынына аздап та болса, алыстан мұ­нарт­қан нәзік үміт бар-тын. Гуманизмнің туын биік кө­тер­ген ұлы Толстой дүние салғаннан кейін ол үміттің сәулесі біржолата сөнді. 
Заманның қара бұлты қоюлана түскен, Жұмекен өмір сүрген өліарада орыс әдебиетіндегі рауандап атқан ру­ханияттың шапағындай жарқыраған гуманизмнің жал­қын сәулесі де қалмай, отаршыл елдің көрсеткен зор­лық-зомбылығы мен озбырлығы жылдан жылға кү­шейіп бара жатты. Қалың қазақтың тағдыры қара қа­зандағы бидайдай қуырылып, қымызымыз жауымыздың таң­дайында, қыздарымыз қас дұшпандарымыздың бор­байында кеткен ақтабан шұбырындыдан да өткен нә­лет заманның езгісі ұлттық рухымызды жойып жібере алмаса да, тұғырын шатқаяқтата бастаған-тын. 
Әрине, Абай атамыз қазақты қынадай қырған орыс отар­шылдарының халқымыздың көзіне көк шыбын үй­мелетіп, озбырлықпен жасаған жан түршіктірерлік зор­лық-зомбылығын, санасында сәулесі бар аза­мат­тарының бәрін итжеккенге айдатып әкетіп өлтірген айуан­дығын көрген жоқ. Ал, Жұмекен күйеулері «халық жауы» болып атылып кетіп, жесір қалған апаларының сор­ғалап аққан жасына тұншыға жаздаған қасіретін кө­зімен көрген – зар заманының тірі куәгері, әдебиет тү­гіл, бір-бір елдің патшасы болуға лайық арыстарынан айырылып, ботадай боздап, жаны жазылмастай жара­ланған халықтың ұлы болды. 
Желтоқсанның ызғарлы желіндей тоңдырған дәуір­дегі барша қазақтың орны толмас қайғысын жеріне жет­кізіп суреттеген «Мұқтар қайтқанда» атты ақынның зар­лы толғауындағы «Құлады ма күзге ұрынып гүл-үміт, Туған жерден тамырымен жұлынып? Кімнен ғана айырылдық жұртым-ау, Қара жалау қалыпты ғой ілініп!», – деген өлең жолдарын оқығаныңда халқымыздың жан жарасының сыздап бара жатқанын сезіп, жон арқаңа кірпі аунағандай күй кешіп, тұла бойың түршігеді. 
Жиырмасыншы ғасырдағы екі ел әдебиетінің дамуына зер салсаңыз Пушкин кемелдендіріп кеткен орыс поэзиясының күрт құлдырап, ал, қазақтың жыр әлемінің керісінше кемелденіп, ойының тереңдеп, өрнегі айшықталып, ұлттық бояуының қырғауылдың қанатындай құлпырып кеткеніне көңіліңіз сүйсінеді. Нәубәттан көзімізді ашқызбаған кезеңдердің артынан, еркіндіктің көбесі сөгіле бастаған алпысыншы жылғы жылымықтан соң біздің поэзиямызға Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Өтежан Нұрғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Дүйсенбек Қанатбаев, Қадыр Мырзалиев, Өмірзақ Қожамұратов, Сағи Жиенбаев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов сияқты қазақ өлеңінің бояуын құлпыртып, ою-өрнегін түрлендіріп жіберген талантты ақындардың үркердей шоғыры қосылды. Ондаған жылдар бойы қазақ поэзиясының жан әлемінде тұншығып, қамалып қалған сезімдері кенеттен жарылып, сел-тасқындай болып ағылды. Кіші халықтарды торына тары шашқан бөденедей ұстап, айтқанына көндіріп, айдаған жағына қарай жүргізгісі келген Ресейдің әдебиеті болса, керісінше, шовинстік пиғылмен уланып, ұлттық тамырынан ажыраған орыстың поэзиясын даңғырлаған әуен басты. ХІХ ғасырда жанартаудай болып атылып, адамзаттық ойдың асқарына көтеріліп, әлемді таңғал-дырған орыс сөз өнерінің топырағы тозып, халықтың жаны болған әдебиетіне жегі түсті. Жазушы, әрі сыншы, Дмитрий Мережковскийдің «Қазіргі кезде біз әде­биетіміздегі пушкиндік рухтың жоғалып бара жатқан мезгілін бастан кешудеміз», («Дмитрий Мережковский «Вечные спутники», 414-ші бет, «Азбука-классика» Баспа үйі, 2007 жыл) - деген сөздерінің астарында, осындай бір көңіл­сіз шындық бар. 
Сөз жоқ, алпысыншы жылдардағы орыс поэзиясы өлеңді түрлендіру мен ойды беру жағынан әжептәуір да­мыды, зор табысқа жетті, бірақ, тамырынан жұлынып ке­тіп, халықтық рухы мен ұлттық құнарынан айрылды. Пушкиндерден бастау алған поэзиясының ұлы дәуірі Есениндермен аяқталып, алпысыншы жылдары орыс өлеңін стадиондар мен алаңдарға алып шыққан Мая­ковс­кийге еліктеген бір топ ақындары, оны Қытайдың ал­масындай дәмсіздендіріп жіберді. Данышпан Толс­тойдың өз елінің отаршылдық пиғылымен күресе жүріп мәпелеп өсіріп кеткен ұлы идеалы күйреп, Ресейдің өнер алаңы орыстар мен еврейлердің айтыс-тартысына айналып, жылдан жылға әдебиеті батпаққа бата берді. Вадим Кожинов сияқты әдебиет зерттеушілерінің аса ірі ақын болмаса да, өлеңдеріндегі ұлттық мінездің шырайы бұзылмаған Николай Рубцовтарды көтеру үшін, мо­нографиялық еңбектер жазып, жырларын насихаттауға жанын сала кірісуінің артында, орыс поэзиясындағы халықтық рухты сақтап қалуға ұмтылған ниет жатқанын аңғару қиын емес. 
Алпысыншы жылдардағы қазақ поэзиясының сезім тасқынын селдетіп, жапырағы жамыраған ағаштай жай­қалып кетуінің ең басты себебі – ұлттық топыраққа табан тіреп қалып, рухани өзегіне жегі түсіріп алмауында. Бо­дан­дықта қорлық көрген қазақтың әдебиеті рухы түсіп, жүн­жіп кетудің орнына, қайта тоталитарлық жүйеге ай­бат шегіп, сес танытып, мінез көрсетті. Дәл осылай болуы заңдылық-тын. Ақынның шерлі жүрегінен ащы за­пырындай болып шыққан сөзімен айтсақ: 
Қыңыр болды не керек – болайын деп болды ма,
бір үн болды керемет – болайын деп болды ма;
ол асау да болмас ед – болмасына қойды ма
түрме, бұғау, қудалау. Дала және домбыра.
Қыңыр болмас еді ол – түзу болса тағдыры,
жұмыр болмас еді ол – ғұмыр бойы қаңғыды.
Үміт ішті кеседен – бар керегі түзде еді,
Түңілейін десе де – әлденені іздеді.
Ұқты ма оны көп адам – тапты бәрін жаңадан, 
түрме, бұғау, қудалау, домбыра мен даладан.
Іздеді ол түздегі бал-арадай азайып,
гүлден бірақ бал емес, тұз жинады ғажайып; 
әйтеуір бір асқарда – бұлақ барын түсінді.
Әйтеуір бір бастарда – құлақ барын түсінді.
Төзім етсе – бұлақтан бір қануға болар деп, 
Өзі кетсе – құлақта үн қалуға болар деп.
Ер тірлігін ойласа – ер тірлігін ойлады,
ер тірлігін ойласа – еркіндігін ойлады.
Сондықтан да үзілмей шертілді күй ұдай бір, 
дүбірі мен жүйріктің, сыңғырындай бұғаудың. 
Өкінішке қарай, бізде де қазір Жұмекендей ұлы ақын­дарымыз гүлден тұз жинағандай болған әдебие­ті­міз­дің ғажайып дәуірі аяқталып, күрескерлік жігеріміз сар­қылып, халықтық рухымыз жоғалып бара жатқан қор­қынышты уақытта өмір сүріп жатырмыз. Ар-ұяты­мыздың алтын Күніндей жарқыраған әдебиетіміздегі Рух­­тың сәулесі сөніп, қайтадан алып империялардың қар­­мағына түсіп, құлдықтан көз жаза алмай, бірте-бірте жойы­­лып кетеміз бе деген үрей салқынының жылдан жыл­ға бойымды мұздатып бара жатқанын ашық айт­па­сақ та, бәріміз де іштей сезіп жүрміз. 
 Бірақ бүгінгі заманның шым-шытырық шырғалаңы кім­дердің нағыз ақын, кімдердің жемсауын толтырған бұлбұл, кімдердің батыр, кімдердің қорқақ, кімдердің бұқарашыл, кімдердің билікшіл, кімдердің күрескер, кімдердің рухын сатқан алаяқ екеніне анық көзімізді жеткізді. Дәл қазіргідей ақынның азаматтығы мен ар-ұяты сыналатын аласапыран заман тумағанда біз мына өмір­ден кімдердің кім екенін білмей-ақ өтер ме едік. Ха­лықтық рухтың сөзімізде ғана бар, ісімізде жоқ әрекетке айналып, әдебиетіміздің өзегіне жегі түсіп, күн­нен-күнге ұлттық мінезімізден айырылып бара жат­қанымыз – қорқынышты құбылыс. 

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Тэгтер:

Жұмекен Жұмекен Нәжімеденов