«Аса ірі көлемде табыс тапқан»: Ақтау тұрғыны заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған

Бүгін, 10:58 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтау қалалық сотында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, аса ірі көлемде табыс тапқан айыпталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотталушы 2024 жылғы 21 маусымнан 2025 жылғы 13 наурызға дейін онлайн-казино ұйымдастырып, адамдарға құмар ойындарға қатысуға мүмкіндік берген. Ол өз туысын – Грузия азаматын «дроппер» ретінде (банктік картасы заңсыз ақша айналымына пайдаланылған тұлға) тартқан. Сондай-ақ, ойын платформаларын, мобильді телефондарды сатып алып, әлеуетті ойыншыларға жарнама, фото-бейнематериалдар жіберіп, түрлі акциялар мен бонустар ұсынып, жеңіл жолмен ұтыс алуға болады деген иллюзия тудырған.

Құмар ойындарға қызығушылық танытқан азаматтар сотталушымен мессенджерлер арқылы хабарласып, ол оларға шотты толтыру және ойынға қатысу үшін деректерді жіберіп отырған.

Көрсетілген кезеңде дроппердің есепшотына онлайн-казиноның заңсыз қызметінен 76 миллион теңгеден астам қаражат түскені анықталды. Банктік аударымдар арқылы дроппер мен сотталушының өзара байланысы дәлелденген.

Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, істеген ісіне шынайы өкініш білдіріп, бостандығынан айырмайтын жаза қолдануды сұрады.

Сотталушы айып бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды.

Тэгтер:

Ақтау казино ойын бизнесі