Алғадағы ауқымды істер

10 қазан, 2025 / Túrkіstan IPW

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өткен аптада Алға ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, мұндағы өзекті мәселелердің шешілуіне назар аударды. Қазір ауданда жол, көпір, әлеуметтік нысандарды жөндеу және ауызсу – ең өзекті мәселелердің қатарында. 

Балаларға қолайлы 
жағдай жасалады

Жұмыс сапарын Бестамақ ауылынан бастаған Асхат Ша­харов биыл күрделі жөндеуден өткен «Болашақ» бала­бақ­шасын аралады. Бұл нысанның былтыр жобалық-сме­талық құжаттары әзірленген, биыл облыстық бюд­жеттен қаржы бөлінді. 
2023 жылы Алға ауданына жұмыс сапары барысында Асхат Шахаров балабақша ғимаратын жөндеуге жо­ба­лық-сметалық құжаттама дайындауды тапсырған еді. Мі­­не, сол кездегі өңір басшысының тапсырмасы биыл то­­­­­лықтай орындалып отыр. 
Аталған балабақшаның меңгерушісі Ләззат Құрма­нова ғимараттың шатыры толықтай ауыстырылып, электр сымдары жаңартылғанын жеткізді. Сондай-ақ су­мен жабдықтау, кәріз және жылыту жүйелеріне күрделі жөн­­деу жүргізіліп, ішкі құбырлары ауыстырылған. Сон­дай-ақ әрлеу жұмыстары жасалып, ғимараттың қасбеті де қапталды. Бұдан бөлек, балабақша алдына балалар ойын алаңы орнатылды.
Жөндеу жұмыстарын «Бабэк-Құрылыс» ЖШС бес ай ішін­де аяқтады. Қазір балабақша балаларды қабылдауға дайын.
Облыс әкімі өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырудың маңыз­ды­лығын атап өтіп: «Біздің басты мақсатымыз – ба­ла­лар­дың сапалы білім мен тәрбие алуына қолайлы әрі қауіп­сіз жағдай жасау. Балабақша әр бала өзін қор­ғалғандай сезінетін жайлы да заманауи мекен болуы керек, – деді.

Жол жөндеу жұмыстары 
аяқталуға жақын

Асхат Шахаров ауданға жұмыс сапары аясында Тоқ­мансай ауылдық округіне барып, мұндағы «Алға-Тоқ­ман­сай» аудандық автожолының жөндеу барысымен және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.
Қазір ұзындығы 26,6 шақырым болатын екі учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұ­мыстарды «АссанаДорСтрой» ЖШС атқаруда. Жоба ал­ғаш рет 2017 жылы басталғанымен, іске асыру ба­ры­сын­да бірнеше рет түзетулер енгізіліп, мердігерлермен сот даулары да болған. 2024 жылы облыс әкімі Асхат Ша­харовтың тапсырмасымен жобаға өзгерістер енгізіліп, қар­жыландыру қайта қаралды.
Жөндеу жұмыстарын мердігер биылғы қазан айының соңы­на дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.
– Бұл жолдың жөндеу жұмыстары бірнеше жылға созы­лып кетті. Әрине, ол тұрғындардың орынды сын-ес­кертпелеріне де себеп болды. Ендігі маңызды мәселе – жұ­мыстың мерзімінде әрі сапалы орындалуы. Бұл жол тұрғындардың күнделікті өмірі мен бүкіл округтің дамуы үшін үлкен маңызға ие. Нысан толық аяқталғанға дейін жағ­дайды жіті бақылауда ұстаймыз, – деді Асхат Ша­харов.

Тоқмансайдың мектебіне 
жөндеу қажет 

Ақтөбе облысының әкімі Тоқмансай ауылындағы негізгі мектепке барып, ұжыммен кездесті.
Мектеп директоры Гүлмира Нұрмағанбетова өңір бас­шысын оқу орнының тыныс-тіршілігімен таныс­тыр­ды. 
Қазір мектеп ғимаратына күрделі жөндеу қа­жет. 2004 жылы ашылғаннан бері оқу орнының ғи­маратына ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген. Мек­тепте 5 оқу кабинеті, информатика кабинеті, кітап­ха­на, асхана және бейімделген спорт залы бар. Қазір мұн­да 67 оқушы білім алуда. Мектептегі басты мәселе — оқу кабинеттеріне оқушылардың сыймауы. Бұған дейін болған директор кабинеті мен мұғалімдер бөлмесін оқу сыныптарына берген. Сондай-ақ спорт залы да жоқ. Ғима­раттың тозуы және заманауи талаптарға сай еместігі оқу корпусын күрделі жөндеуден өткізуді немесе жаңа ғи­марат салуды қажет етеді.
Тоқмансайлықтар облыс әкіміне балалардың жайлы жағ­дайда оқуы үшін ауылда жаңа мектеп тұрғызуды сұра­ды. Асхат Шахаров жауапты тұлғаларға ауылда жаңа мек­теп салу мәселесін қарауды тапсырды.
– Мектеп – ауыл өмірінің орталығы. Балалар қауіпсіз ж­әне жайлы жағдайда оқуы керек. Тоқмансайда жаңа мек­теп салу мүмкіндігін қарастырамыз. Ауыл мектептерін қол­дау – біздің маңызды басымдықтарымыздың бірі, – деді облыс әкімі.

Ауызсу мәселесі шешіледі

Қазіргі таңда Алға қаласында ауызсу жүйесін жақ­сарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бұл мә­­­селе халық санының артуы мен қаланың кеңеюіне бай­ланысты өзекті болып отыр. Бүгінде Алғада шамамен 23 мың тұрғын бар. Жаз мезгілінде, әсіресе көпқабатты үй­лерде су тапшылығы мәселесі жиі кездеседі. Жеке сек­тордағы тұрғындар бау-бақша суаруға суды көп пай­да­ланатындықтан, су құбырына жүктеме арта түседі.
Ауызсумен қамту саласындағы маңызды жобалардың бірі – Тамды су қоймасы маңындағы 35 кВ жоғары электр же­лісін қайта жаңғырту және жаңа су қоймаларын салу. Жо­ба аясында әрқайсысы 1400 текше метр төрт резер­вуар салынды, 10,9 шақырымнан астам электр желісі тар­тылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары ұлттық қор есе­бінен қаржыландырылған, оның жалпы құны — 921 миллион теңге. Қазір резервуарларға су тарту же­лісі салынып жатыр. Мердігер ұйым – «А.Т.Е-ЖОЛ» ЖШС. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл қараша айында аяқ­­­талмақ.
Алға ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сұлта­нов­тың айтуынша, резервуарлар іске қосылғаннан кейін қа­лада 10 мың текше метрге жуық су қоры қалыптасады. Бұл, әсіресе жаз мезгілінде су жүйесіне түсетін жүктеме арт­қанда қаладағы су тапшылығы мәселесін толығымен ше­шуге мүмкіндік береді.
– Бүгінде Алға тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз ауыз­сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта қалада жаңа су қоймалары салынып, су желілері жаңартылуда. Барлық жоспарланған жобалар аяқталған соң, қала тұрғындары жыл бойы тұрақты түрде ауызсу­мен қамтамасыз етілетін болады, – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Кешен және көпір

Бүгінде Алға қаласындағы орталық стадионға күрде­лі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ мұнда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр.
Атап айтсақ, стадионда газон жамылғысы ауыс­ты­ры­лып, жаңа жүгіру жолы жасақталуда. Мердігер ұйым — «АрысСтройКом» ЖШС жөндеу жұмыстарын биылғы қара­ша айында аяқтауды жоспарлап отыр. Жаңартылған стадионның сыйымдылығы – 1 500 орын.
Ал спорт кешеніне монолитті конструкциялар орна­ты­лып, инженерлік желілер тартылуда. Кешенді осы жыл­дың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңа нысан Алға тұрғындарының спортпен айналысуы мен салауатты өмір салтын дамытуда маңызды орталық бол­мақ.
Асхат Шахаров спорттық инфрақұрылымды дамыту – салауатты өмір салтын қалыптастырудың және жас­тар­ды спортқа тартудың басты құралдарының бірі еке­нін атап өтті. Сондай-ақ, жобалардың уақытылы және са­палы орындалуы үшін барлық жұмыстарға қатаң ба­қылау қажет екенін жеткізді. Бұл аудан деңгейінде жап­пай спортты дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға мүм­­­­кіндік береді.
Сонымен қатар өңір басшысы Бесқоспа ауылдық ок­ругінде салынып жатқан көпірдің де құрылысымен та­нысты.
Аталған округ әкімі Нұржан Тәженовтің айтуынша, кө­пірге жол жабынының бірінші қабаты төселген. Жал­пы құрылысты аяқтап, нысанды пайдалануға беру қазан айының соңына жоспарланып отыр. Жаңа көпір 1950 жылы салынған ескі көпірдің орнына тұрғызылуда.
Сондай-ақ округ орталығы — Есет батыр ауылында ұзын­дығы шамамен төрт шақырымды құрайтын екі кө­ше­нің жолы жөнделіп жатыр. Жұмыстарға «Жылу ХХІ» ЖШС жауапты. 
Бұдан бөлек, елді мекенде көше жарықтандыру мә­се­лесі де шешімін тапты.
– Көпірді салудағы мақсат — Шолақ өзені арқылы ке­летін суды кедергісіз өткізу, әсіресе су тасқыны кезінде қауіпсіздікті сақтау. Сонымен қоса, ауылдарды дамыту жә­не тұрғындардың әрі-бері жүруіне қолайлы жағдай жа­сау. Ол – жұмысымыздың басты бағыттарының бірі. Біз инфрақұрылымды жаңартуға, жолдар мен әлеуметтік ны­сандар салуға назар аударуды жалғастырамыз. Мұның бәрі халықтың қолайлығы мен қауіпсіздігі үшін жа­салу­да, – деді облыс әкімі.

Цемент зауыты 
салынып жатыр

Алға ауданының аумағында қазір цемент зауыты са­лынып жатыр. Бұл жобаны жүзеге асырушы — Ақтөбе облысы мен West China Cement компаниясы.
Кәсіпорын жылына 2 миллион тонна цемент өн­діруге қауқарлы. Жобаның жалпы құны — 120 миллиард теңге. Нысан құрылысы 2026 жылдың соңына қарай аяқ­талады деп жоспарланған. Бүгінде жобаға 1 000-ға жуық жұмысшы тартылыпты. Қазір инженерлік же­лілерді тарту және қызметкерлерге арналған жа­тақ­хана құрылысы жүргізілуде. Ал зауыт іске қосылғанда, кә­сіпорында 500 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі Асхат Шахаров жобаның жүзеге асы­рылу барысымен танысты. 
Aktobe Cem ЖШС-на қарасты цемент зауыты Ақ­төбе облысы мен ҚХР арасындағы байланысты нығайта түс­пек. Жоба құрылысы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арт­тырып, инфрақұрылымды дамытуға және өңірге қо­сымша инвестициялар тартуға серпін береді.
– Алға инвестициялар тартудың орталығына ай­на­лу­да. Мұндай зауыттың іске қосылуы жаңа жұмыс орын­да­рын ашып, облыстың индустриялық әлеуетін арт­ты­ру­ға зор үлес қосады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында шикізатты терең өңдеу, импортты алмастыру міндеттерін қой­ды. Осы жоба цемент импортына тәуелділікті азай­тып, ішкі нарықты құрылыс материалдарымен тұрақты қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, құрылыс кес­теге сай және барлық технологиялық талаптарды сақ­тай отырып жүргізілуі қажет, — деді Асхат Шахаров.

Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы 

Тэгтер:

Іс алға ауқымды