Сыртқы істер министрлігі Мысыр, Латвия, Мексика және Ресейге Қазақстан азаматтарының кіруінің жаңартылған шарттарын жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Латвия Республикасы
Латвия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми ақпаратына сәйкес, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Латвияға кірудің жаңа тәртібі күшіне енді. Латвияда тұруға ықтиярхаты немесе ұлттық визасы жоқ Қазақстан азаматтары Латвияға келуден кемінде 48 сағат бұрын eta.gov.lv порталы арқылы өтінім беруге міндетті.
Өтінімде сапардың мақсаты, мерзімі мен болу орны, бағыты, байланыс деректері, сондай-ақ өтініш беруші мен оның жақын туыстарының мемлекеттік немесе күштік құрылымдарда қызмет атқарғаны туралы мәліметтер көрсетіледі.
Ақпарат берілмеген немесе жалған мәлімет ұсынылған жағдайда, 2 000 еуроға дейін айыппұл салынады. Дипломаттар мен дипломатиялық өкілдіктерге қысқа мерзімді қызметтік сапармен баратын тұлғалар бұл ережеден босатылады. Мәлімет жіберілгеннен кейін жүйе растауды электрондық поштаға жолдайды.
Мысыр Араб Республикасы
Мысыр Араб Республикасының Астанадағы Елшілігінің ресми ақпаратына сәйкес, 2025 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстан азаматтарына қатысты визалық режимге енгізілген жаңа талаптар күшіне енді.
Жаңа тәртіпке сәйкес: 21 жасқа толмаған қазақстандықтар ата-анасының біреуінің (әкесі немесе анасы) бірге жүруінсіз Мысыр аумағына кіре алмайды; 21 жасқа толған азаматтар Мысырға туристік сапармен барғанда, егер сапар тек Шарм аш-Шейх аймағымен шектеліп, 15 күннен аспайтын болса, визаны Шарм аш-Шейх халықаралық әуежайында рәсімдей алады; Каир, Хургада немесе Мысырдың басқа қалаларына баруды жоспарлаған азаматтар сапар алдында Қазақстандағы Мысыр Елшілігінен виза алуы тиіс.
Мексика
Мексика Үкіметінің ресми порталында жарияланған Ұлттық көші-қон институтының ақпаратына сәйкес, егер Қазақстан азаматтарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жапония немесе Шенген аймағына мүше елдердің жарамды көп мәртелік визасы болса, олар Мексикаға мексикалық визасыз кіре алады.
Бұл жағдайда туризм, транзит немесе табыс әкелмейтін іскерлік сапарлар мақсатында елге 180 күнге дейін кіруге рұқсат беріледі. Виза сапардың барлық мерзімінде жарамды болуы тиіс.
Егер мұндай визалар болмаса, азаматтар мексикалық визаны алдын ала консулдықтан алуы қажет.
Ресей Федерациясы
1996 жылғы 15 тамыздағы № 114-ФЗ «Ресей Федерациясынан шығу және Ресей Федерациясына кіру тәртібі туралы» және 2008 жылғы 3 желтоқсандағы № 242-ФЗ «Ресей Федерациясында мемлекеттік геномдық тіркеу туралы» Федералдық заңдарына сәйкес, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар үшін Ресей Федерациясына кіру және шығу ережелері мен шарттарын сынақтан өткізу жөніндегі Эксперимент енгізілуде.
Эксперимент екі кезеңнен тұрады:
Бірінші кезең: 2024 жылғы желтоқсаннан бастап 2026 жылғы 30 маусымға дейін Мәскеу әуежайларында (Шереметьево, Домодедово, Внуково, Жуковский), сондай-ақ Орынбор облысындағы «Маштаково» автомобиль өткізу пунктінде өткізіледі. Бұл кезеңде шетелдік азаматтардың биометриялық деректері жиналады.
Екінші кезең: 2025 жылғы 30 маусымнан бастап 2026 жылғы 30 маусымға дейін Ресей Федерациясының барлық өткізу пунктерінде қолданылады. Визасыз режиммен кіретін шетелдік азаматтар сапарға шығудан кемінде 72 сағат бұрын (шұғыл жағдайларда – 4 сағат бұрын) «ruID» қосымшасы арқылы кіру және болу мақсатын көрсетуі тиіс.
Қазіргі уақытта «ruID» қосымшасы арқылы ақпарат жолдау ерікті сипатта. ҚР азаматтары өтініш бермей-ақ Ресейге кіре алады.
Эксперимент келесі тұлғаларға қолданылмайды: РФ-тегі шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдықтардың басшылары және олардың отбасы мүшелері; РФ-тегі шетелдік дипломатиялық және консулдық мекемелердің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері; РФ Үкіметімен келісім жасасқан халықаралық ұйымдардың өкілдері және олардың отбасы мүшелері; Дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері (егер оларда дипломатиялық немесе қызметтік виза болса), ресми делегация құрамындағы сапарлар кезінде; 6 жасқа толмаған шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар.