Таразда әкімдік қызметкерлері мемлекет мүлкін сатып жіберген

Бүгін, 09:58 / Алуа Арман
istockphoto.com

Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінің коммуналдық меншік секторының меңгерушісі (сотталушы А.) және оның тікелей бағыныстысы – осы бөлімнің коммуналдық меншік статисті (сотталушы К.) 2021-2022 жылдары Тараз қаласында орналасқан жылжымайтын мүліктің 3 объектісін әкімдік меншігінен заңсыз шығарып, аталған үй-жайларды жеке тұлғаларға сатып, мемлекетке ірі мөлшерде зиян келтірген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотталушылардың кінәсі тараптардың, куәлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен және істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді.

Сотталушы А. кінәсін мойындамады, соттан оны ақтауды сұрады.

Сотталушы К. кінәсін мойындап, соттан оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Сот сотталушы А.-ның бұрынғы соттылығының жоқтығын, залалдың орнын толтыруын, жүрек ауруын, ІІІ топтағы мүгедектігін, ал сотталушы К.-ның бұрынғы соттылығының болмауын, кінәні мойындауын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Сот сотталушы А.-ның денсаулық жағдайын ескере отырып, ҚК 55-бабы 4-бөлігінің ережелерін қолдану және оған жазаның неғұрлым жеңіл түрін тағайындау қажет деп тапты.

Сот үкімімен А. ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 1,2,4) тармақтары және ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 1,2,3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады.

Ал К. ҚК 28-бабының 5-бөлігі, 189-бабы 3-бөлігінің 1,4) тармақтары, 190-бабы 3-бөлігінің 1,4) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оны мүлікті басқару және билік ету саласындағы қызметпен 5 жыл мерзімге айналысу құқығынан айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тэгтер:

әкімдік қызметкері мемлекет мүлкі