Салық төлеуден жалтарған күдікті Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланды

Бүгін, 09:27 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері салық төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

2018-2020 жылдар аралығында ол коммерциялық кәсіпорын директоры бола тұра, корпоративтік табыс және қосылған құн салығын төлеуден жалтарып, мемлекетке 293 млн теңгеден астам залал келтірген.

Қылмысты жасағаннан кейін күдікті жасырынып, бір жылдан астам уақыт бойы халықаралық іздестірілуде болды.

Биылғы қыркүйек айында ол Біріккен Араб Әмірліктері аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша құқық қорғау органдарына берілді.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.

Жасалған қылмыстары үшін оған мүлкі тәркілене отырып, бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Еске салайық, биыл Біріккен Араб Әмірліктерінен іздестіріліп жүрген 9 тұлға экстрадицияланды.

Тэгтер:

күдікті Экстрадиция БАӘ