Әлемде құс тұмауы өршіп жатыр

Бүгін, 08:35 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қара суық келіп, құс қайтты. Әлемде құс тұмауының жаңа ошақтары пайда болды. Мамандар пікірінше, бұған жабайы құстардың маусымдық көшуі себеп, деп хабарлайды 24.kz.

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының дерегі бойынша кейінгі айларда үй құстары арасында 59, ал жабайы құстар мен сүтқоректілер арасында 44 індет ошағы тіркелген.

Вирус адамға да жұғуы мүмкін. Мәселен, 2003 жылдан бері 860-тан астам осындай жағдай тіркелген. Соның ішінде науқастың 450-ден астамы қайтыс болды.

Жалпы аурудың негізгі белгілері ретінде бас ауыруы, дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бұлшықет ауырсынуы, жөтел және тамақтың ауыруы байқалады. Ал уақыт өте науқаста өкпе-жүрек жеткіліксіздігі, өкпе қабынуы мен мидың ісінуі пайда болуы мүмкін.

Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауылшаруашылық орталығы кейінгі айларда Еуропаның бірнеше елінде: Франция, Польша мен Венгрияда, сондай-ақ Азияда: Қытай, Вьетнам мен Жапонияда құс тұмауы таралғанын хабарлайды.

Ұйым осы себепті әлем елдерін эпидемиялық бақылау мен биологиялық қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырып отыр.