Қазақ эстрадасының дара таланты, композитор, орындаушы, көпдеген әндердің авторы Ғазизхан Шекербеков "Қызық Times бағдарламасының" жаңа қонағы болды. Бұл шығарылым көрерменге тек музыка емес, терең ой мен өнердің шынайы құндылығын жеткізді.
Бағдарлама ерекше форматта басталды. Ғазизхан студия сахнасына көтеріліп, көрерменге жақсы таныс "Мен сүйсем, сүйемін" әнін орындады. Жанды дауыстағы әсерлі орындау залды толқытты, ал әншінің сахнадағы сенімді болмысы көрерменнің ықыласын бірден баурап алды.
Ғазизхан Шекербеков — жанды дауыста концерт беруді алғаш қолға алған орындаушылардың бірі. Ол эстрададағы техникалық жеңілдіктерге сүйенбей, нағыз өнер мен шынайы эмоцияны басты орынға қояды. Осы бағыттағы еңбегімен ол тыңдарманның ерекше құрметіне ие болып келеді.
Сұхбат барысында Ғазизхан өз шығармашылық жолының жаңа бағыты жайында да ашық айтты. Ол кино саласына қадам басу – көптен бергі арманы екенін бөлісті. Музыкамен қатар актерлік өнерге қызығушылығы зор екенін айтып, болашақта экранда жаңа қырынан көрінуге ниетті екенін жеткізді. Осы әңгімеден кейін студияда ерекше әсер қалдырған «Алдаған Арман» әні шырқалды.
Бағдарламаның келесі бөлігінде Ғазизхан өзінің ең танымал туындыларының бірі — "Біздің кез" әнін орындады. Бұл ән арқылы ол тыңдарманды өткен шақтың естелігіне жетелеп, жастық шағының шынайы естеліктерімен бөлісті.