Биліктен кейінгі өмір

Биліктен кейінгі өмір

Биліктен кейінгі өмір
ашық дереккөзі
Президент орынтағынан кеткен соң, бұрынғы басшылар не істейді? Мүмкіндігі болса, кейбірі қайта сайлауға түседі,  кейбірі тележүргізуші болып кетеді. Ал Трампқа орнын берген Обама енді не істемек? Әлем мемлекеттерінде бұрынғы президенттер өмірінің соңына дейін мемлекеттің қарауында болады. Қомақты көлемде зейнет­ақы тағайындалады, көмекшілер беріледі, тегін қызметтер қарастырылады. Кейбірінде, мәселен, АҚШ-та экс-президентті өмірінің соңына дейін «Президент мырза» деп атауға болады. Таяуда ғана президенттік мерзімді аяқтаған Барак Обама немен айналысып жүр? Президенттік мерзімі аяқталмай тұрып, америкалық басылымдарға берген сұхбатында Чикаго университетінде сабақ беретінін айтқан болатын. Сонымен қатар Ақ үйден кеткен бойда, көшеде қарауылсыз қыдыруды армандайтынын айтқан еді. Заң бойынша зейнеттегі президентке өмірінің соңына дейін зейнетақы тағайындалады. АҚШ басылымдарының болжамынша, оның зейнетақысы жылына шамамен – 205 мың доллар көлемінде, ал қазіргі таңда көзі тірі басқа да экс-президенттер – Билл Клинтон, Джордж Буш, Джимми Картер осы шамалас зейнетақы алады. Онымен қоса әкімшілік және техникалық қызметкерлердің ақысын төлеп береді, көлік және поштамен хат алмасу тегін қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, тамақтану және басқа да қажеттіліктерін өтейді. Он жыл бойы қарауылы болады. Зейнеттегі президенттің отбасы әскери госпитальда тегін медициналық емделуге құқығы бар. Отставкадағы президенттің жерлеу рәсімі де мемлекеттік бюджет есебінен төленеді, тіпті, жерлеу барысын да жазып қоюына болады. Мысалы, Рональд Рейган өзін жерлеу рәсімінің сценарийін жазып қалдырған болатын. Ал келесі президент – Иранның бұрынғы басшысы Махмұд Ахмединежад. Оның өзге экс-басшылардан ерекшелігі, президентке берілетін жеңілдіктерді пайдаланбайды. Өте қарапайым өмір салтын ұстанады. Президент орынтағында отырған күнде де ол жұмысқа автобуспен қатынайтын, ал әйелі медреседе қарапайым қызметкер болатын. Қазір зейнетке шығып, университетте сабақ береді. Бос уақытында Ахмединежад қой бағып, аула сыпырушыларға көмектеседі. Сол сияқты Уругвайдың бұрынғы президенті емханада дәрігердің қабылдауына кезек күтеді, зейнетақысын қайырымдылыққа аударады. Президенттердің мұндай қарапайым өмір сүруі сырт көзге жат сияқты. Себебі билік үшін, биліктің пәрмені үшін барын салатын басшылар да баршылық. Грузияның атышулы президенті Михаил Саакашвили ұзақ уақыт қуғында болғаны белгілі. Елдегі саяси жағдайға байланысты елінен жыраққа кеткен бұрынғы президент қазір өзін басқа қырынан көрсетуде. Ол Украинаның бір телевизиялық шоу бағдарламасын жүргізуге келісім берді. Екі рет президенттікке сайланып, билікте бірқатар шулы реформалар енгізді. 2014 жылы бірнеше айып тағылып, нәтижесінде шетел асып, кейінірек халықаралық іздеуге берілді. Бірақ Интерпол оны халықаралық қылмыскер деп мойындаған жоқ. Осыдан кейін Украина майданына қатысып, бүгінде өз партиясын құрған. Қазір Саакашвили мырза украиналық ток-шоуды жүргізуде. Грузияның бұрынғы президенттеріне беретін артықшылықтарының бірде-бірін пайдалануға құқығы жоқ. Ресейдің бұрынғы президенті, қазіргі премьер-министр Дмитрий Медведев те экс-президенттер қатарында, отставкадағы президент деп атауға әбден болады. Бірақ қазіргі таңда ол биліктен кеткен жоқ, әлі де болса Үкіметті уысында ұстап отыр. Таяуда Дмитрий Медведевтің дүние-мүлкі жайында «Он вам не Димон» деген деректі фильм жарық көрген болатын. Мұнда бұрынғы президенттің қозғалмайтын мүлігі, есепшоттардағы қыруар қаражаты туралы және сыбайлас жемқорлықты сәтті жүзеге асырып отырған сатылы жүйесі жөнінде мәліметтер келтірілген. Сыбайлас жемқорлықпен күрес қорының келтірген дерегіне сүйенсек, Ресейде және шетелде қымбат аудандардағы жер телімдері, яхталар мен зәулім сарайлар, агрокешендер мен шарап шаруашылықтары бар. Олардың барлығы қайырымдылық қорларының атына жазылған, яғни іс жүзінде ешкімнің мүлкі емес, бірақ қайырымдылық есебінде берілген қаражаттың барлығы осы қорға түседі, оны Медведевтің достары басқарады.

Корея президенттерінің өкінішті тағдыры

Әсілі, қол ұшын созуға асық тұратын достар барлық президентте бар. Мәселен, оңтүстік Кореяның президенті Пак Кын Хе де құрбысының арқасында президенттіктен түсіп қалды, онымен қоймай қамауға да алынды. Мұнда да құрбысының қайырымдылық қорына қыруар қаражат түсіп отырған. Әлем мемлекеттерінің барлығында экс-президенттерге өмірінің соңына дейін барлық жағдай жасалады. Арнайы зейнетақы тағайындалатыны, үй мен көлік қарастырылатыны тағы бар. Бірақ, президенттік мерзімде қылмысты болғандар, бұл жеңілдіктерден құралақан қалады. Мәселен, Оңтүстік Кореяның президенті Пак Кын Хеге конституциялық соттың шешімімен импичмент жарияланып, қызметтен босатты, қамауға алынды. Сөйтіп, корей елінің экс-президенттеріне тиесілі жеңілдіктерден айырылды. Яғни, өмірінің соңына дейін берілетін зейнетақы, айлығының 70 пайызы (10 мың доллар көлемінде), үш көмекші, жеке жүргізуші мен тегін медициналық қызмет көрсетуден айырылды. Жалпы, Оңтүстік Кореяның қай президенті болмасын, тағдыры қудалаумен аяқталған. Бұрынғы басшыларға тиесілі артықшылықтарды қолданбағандары да бар. Корея бойынша сарапшылардың айтуынша, он екі басшының да президенттік мерзімнен кейінгі тағдыры оңып тұрған жоқ. «Бірінші және екінші президентті тақтан тайдырған, үшіншісін өлтірген, төртіншісін де тақтан түсірген, бесіншісін өлім жазасына кесіп, кейіннен 22 жылға бас бостандығынан айырса, жетінші президентке сенім жойылды (дискредитация),  сегізінші президент Нобель сыйлығының лауреаты болғанына қарамастан оған да сенім жойылып,тоғызыншысына импичмент жариялады, кейіннен ол өзіне қол жұмсады, оныншы президентке де мерзімінің соңына қарай сенім тоқтатылып, он екінші президент Пак Кын Хеге импичмент жарияланды».