Ақтөбе тұрғыны жаңа көлікті 5 млн теңге айыппұлымен бірге сатып алған

9 қазан, 2025 / Інжу Әлихан
Полиция. Фото: polisia.kz

Ақтөбе полициясы 91 айыппұл тіркелген көлікті тоқтатып, қызық жағдайға тап болған: полиция тоқтатқан жүргізуші бұл көлікті бір ай бұрын ғана сатып алғанын, бірақ, оның айыппұлын тексермегенін айтқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полиция «Самара-Шымкент» автожолының бойында, Ақтөбе қаласына жақын маңда Ресейдің мемлекеттік тіркеуі бар «Toyota Majesta» көлігін тоқтатқан.

«Тексеру кезінде көлікке қатысты 91 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелгені анықталды. Жалпы айыппұл көлемі шамамен 5 млн теңгені құрайды. Көлік иесінің айтуынша, ол бұл автокөлікті шамамен бір ай бұрын сатып алған. Алайда бұрынғы иесінің жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлдары өтелмеген», - деп хабарлайды Ақтөбенің полиция департаменті.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, айыппұлы төленбеген көлік арнайы айыптұраққа қойылған. Ақтөбе облысы полиция департаменті азаматтарға көлік сатып алар алдында оның айыппұлдары мен шектеулерін тексеру керек деген ескерту айтып отыр.