Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен XIV республикалық «Qazaqstan Barysy» турнирі өтеді. Бұл – ел намысын арқалаған ең мықты балуандардың бозкілемдегі шешуші айқасы, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әкімдіктің ақпаратынша, жарыс 18 қазан күні сағат 12:00-де басталады.
Аталған айтулы дода Республика күніне орай ұйымдастырылып отыр. Турнирге облыстық іріктеу сайыстарының жеңімпаздары, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының үздік спортшылары қатысады.
Бұдан бөлек, өткен жылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы мен «Әскер Барысы» жарысының екі балуаны да бозкілемге шығады. Жалпы, 43 балуан күш сынасады.
Айта кетейік, биыл «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне жолдама алған екі балуан Астана қаласының намысын қорғайды. Олар: Олжас Шынкеев пен Мейіржан Сламшаиков.
Бұл спортшылар елорда төрінде өткен республикалық турнирге іріктеу жарысы – «Астана Барысы» қалалық турнирінде жеңімпаз атанып, ел біріншілігіне қатысуға мүмкіндік алған болатын.
Турнир қорытындысы бойынша үздік спортшы анықталып, қазақ күресінің ең мәртебелі атағы – «Тайтұяқ» пен 15 миллион теңге көлеміндегі бас жүлде табысталады.
Көрермендер үшін билеттер ticketon.kz сайтында қолжетімді.