Хан-Шейхун қасіретінің  жаңғырығы

Бейбіт тіршілік пен береке Шам елінде арманға  айналды. Алты жылдан бері соғыс өртінің басылмағанын былай қойғанда, бұл ел біраз уақыттан бері сан түрлі әскери техника мен заманауи қару-жарақтың сынақ алаңына айналғаны жасырын емес. Сәуір айының басында «Сирияда химиялық қару қолданылды» деген суық хабар жетті, артынша әлемдік саясаттың келбетін өзгертуге ықпалы жететін оқиғаға ұласты: АҚШ әскери қақтығысқа араласпауға бекінген райынан айныды. Сириялық әскери әуе базасын америкалық «Томагавкілердің» соққы астына алғаны сол-ақ, енді халықаралық қауымдастық «Ресей не істер екен?» деп алаңдап отыр. Ал жарты халқы босқан, қалғаны қан құсқан сириялықтардың қазіргі тағдыры – тұнған қасірет. Ресей мен АҚШ түгілі, екі жүздей мемлекеттің басын біріктіріп отырған БҰҰ-ның өзі бұл мемлекеттегі қырғынды тоқтатуға қабілетсіз екені байқалып отыр.

Қайда барса Қорқыттың көрі…

4 сәуірде Сириядағы адам құқы­ғы жөніндегі обсерватория Идлиб аймағындағы Хан-Шейхун қала­сы­ның тұрғындары әуеден жасалған ша­буылдан соң химиялық газдан улан­ғанын хабарлаған. Зардап шеккендердің дем жетпей тұншығып өлгендерін, ауыздарынан көбік ағып құлап жатқанын сол жердегі журналистер мен адам құ­қығын қорғау ұйымдарының өкіл­дері растайды. Қаза болғандардың ішінде жиырма шақты жас бала, он жеті әйел болған. Химиялық қару құрбандарының суреттері лезде әлемдік ақпарат құралдарын шарлап кетті.

Қазір қолда бар деректерге қара­ғанда, Идлиб аймағында қолданған хи­миялық қарудың зардабынан 80-нен аса адам көз жұмған, 500-ден көп адам түрлі деңгейде жарақат алған.  Расында, құрбандардың саны күн санап өсіп келеді.

Бұл – Сирияда химиялық қару қолданылғанының алғашқы дерегі емес.  Human Rights Watch ұйымы 2016 жылы сириялық әскерилер Алеппоға сегіз мәрте улайтын оқ-дәрі шашқаны жөнінде хабарлаған болатын.

Өткен  аптадан бері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жиыннан жиын өтіп жатыр. «Химиялық қару қолданды» деген суық хабар жетісімен, Ұлыбритания, АҚШ пен Франция шұғыл кеңес шақырып, Башар Асадқа қарсы резолюция қабылдауға тырысқан-ды. Бірақ Ресей бұл мәселені асықпай, егжей-тегжейлі тергеп-тексеруге шақырды. АҚШ-тың БҰҰ ресми өкілі Никки Хейли: «Егер БҰҰ ұжым ретінде тас-түйін жауап беруге дайын болмаса, онда АҚШ өз бетінше әрекет етеді» деп ескерткен. Хейли ханым бұл жиынға сириялық балалар мен әйелдердің суреттерін ала келіпті. Ол химиялық қарудың қолданылғанының басты дәлелі ретінде зардап шеккен құрбандардың суретін көрсетті. Артынша, АҚШ зымырандары әуеге атылуға дайын тұрғаны белгілі болды.

7 сәуірде АҚШ «Шайрат» әскери-әуе базасын атқылаған соң, іле-шала БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тағы бір шұғыл жиыны шақырылды. Бұған мұрындық болған – Ресей тарабы. АҚШ-тың әскери қимылына Мәскеу мен Дамаскі қосамжарлана «агрессия» деп баға берді. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ-тың әрекетін «ойдан шығарылған сылтаумен жасалған агрессия» деп жариялады. Сирия өкілі болса, «АҚШ енді ДАИШ-тың одақтасына айналуға шақ қалды» деп мәлімдеді.

Осы орайда, Ресей президенті Владимир Путиннің саяси мәлімдемесі елең етерлік. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков өз басшы­сының «Сириялық авиабазаны әуеден атқылау – тәуелсіз мемлекеттің егемен­ді­гіне қол сұғу және халықаралық нор­маларды бұзу» деген пікірін жария етті. Бұдан соң Дмитрий Песков Ресейдің Сириядағы әскер қимылдарын одан әрі жалғастыра беретінін растады.

Басқаша айтқанда, Ресей өзінің Сириядағы әскери қимылдарын «сол елдің заңды билігінің шақыруымен және тек терроризммен күресіп жатқанымен» түсіндіреді. Кремльдің ғарыштық-әскери күштері сириялық нысандарды әуеден атқылап, соғыс өртін одан әрі күшейтсе, ол – заң нормасынан аттамау сияқты. Ал АҚШ-тың әрекеті – заңсыз, себебі ол Башар Асадтың үкіметіне қарсы бағытталған. Шындығында, Сирияда кімнің не істеп, нені көздеп, нені көксейтінін ешкім біліп болмас жағдайға дейін жетті. Нью-Йорктағы БҰҰ-ның еңселі ғимараттарының ішінде, жарық та жылы кеңселерде отырып, түскі ас пен кешкі астың арасында айтысып-тартысудың өз әлегі бар шығар, алайда аспаннан қарша жауған зымырандар мен заманауи жарылғыштардың қай елде жасалғаны, не себепті тасталғаны соғыстың шын құрбандарына қызық емес. Соғыстың құрбандары – мерт болған 400 000 адам, елден ауа қашқан 5 миллион босқын, жетім қалған балалар және отбасынан бір, Отанынан екі айрылған, бейбіт тұрмыс көзден бұл-бұл ұшқан бейбақтарға кімнің не үшін соғысып жатқанын түсіндіру қисынсыз, тіпті қажетсіз. Ақыр аяғы, Ресей президенті Владимир Путин 2015 жылғы интервенциядан кейін сол жылғы желтоқсан айында журналистерге берген баспасөз мәслихтында ащы айтса да, ашық айтты емес пе: «Сирия – біз үшін ең тиімді әскери сынақ алаңы», – деді ол.

Сонымен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұл мәселеге қатысты бір емес, үш дүркін жиналыс өткізсе де, баршаға ортақ тоқайласар көзқарасқа табан тірей алмады. Дегенмен, АҚШ пен Ресей өкілдерінің қалай сөйлеп, қалай әрекет еткеніне назар аударсақ, біраз жайтты аңғаруға болады. Мысалы, АҚШ-тың өкілі Никки Хелли ханым: «АҚШ бұдан басқа да әрекет жасауға дайын» деп, айбат шеккендей сыңай танытты, ал Ресейдің БҰҰ тұрақты өкілінің орынбасары Владимир Сафронков: «Ресей АҚШ-ты агрессияны тоқтатып, бірлесе әрекет етуге үндейді, біз соған дайынбыз» деп мәмілеге шақыруға көшті.

Оқырманның есінде болар, осыдан бір жарым жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 30 қыркүйегінде Ресей Сирияны әуеден атқылауға көшкенде, АҚШ бастаған елдер Кремльді «агрессияны тоқтатып, мәмілеге келуге» үндеген болатын. Бірақ қолында күші бардың мысы бар, ол кезде Ресейді сөзбен тоқтату мүмкін емес еді. Енді дүние тағы алма-кезек жағдайға түсті: қазіргі «тоқпақ»  –  АҚШ-тың қолында тәрізді.

Ақ үй және Асад

Соңғы айларда Ақ үй Сирияға қа­тысты сыртқы саясатын қайта қарап, бұрынғы ұстанымын өзгерткен бола­тын. Бұл елдегі жағдайды реттеуге қатысты Барак Обама әкімшілігінің басты талабы – Башар Асадты биліктен кетіру еді. Ал Дональд Трамптың кабинеті Ресеймен қарым-қатынасты жақсарту мақсатында Башар Асадтың мәселесін кейінге ысырып, ең басты жау – ДАИШ деп жариялады. Бұл кешегі наурыз айында ғана болған жағдай. Бірақ кірпік қаққанша әлемдік ахуал басқаша күйге ауысты. Себебі Ақ үй өзінің соңғы ұстанымынан айныды: «ұлттық мүддемізді қорғаймыз» деген ашық мәлімдеме жасап, Сирияның Хомстағы әскери-әуе базасына зымыранмен шабуыл жасады.

Бұл оқиғадан соң АҚШ басшылығы мен өкілдерінің Башар Асадқа қатысты пікірі тағы ащы сынға ұласты. CNN телеарнасының хабарлауынша, АҚШ-тың БҰҰ тұрақты өкілі Никки Хейли: «Біз үшін бейбіт Сирия мен Асад – мүлде қабыспайтын ұғымдар» деп кесіп айтқан. Бұған қоса, америкалық әкімшілік ДАИШ-ты түп-тамырымен жоюды, Сириядағы Иранның ықпалын азайтуды және бұл елдегі саяси жағдайды реттеуді көздейтінін білдіріп отыр.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон CBS телеарнасына бер­ген сұхбатында: «Біздің ең басты мақсатымыз – ДАИШ-ты жеңу», – деді. Яғни, ол Сириядағы  саяси процестерді реттеуге содан кейін ғана кірісуге болады деп санайды.

Өткен күндер елесі

Сонымен, 6 сәуірден 7-іне қараған түнде АҚШ әскерилері 59 «Томагавк» зымыранымен Хомс аймағындағы «Шайрат» сириялық әскери-әуе базасына шабуыл жасады. Америкалық әскерилердің сөзіне сенсек, 4 сәуірде Идлиб тұрғындарына қарсы химиялық қару қолданған әскери ұшақтар осы базадан ұшқан көрінеді. Бұл, анығын айтқанда, АҚШ-тың соңғы алты жылда Сириядағы соғысқа ашық әрі белсенді түрде кірісуі еді. Шам елін алапат өрттей жалмаған азаматтық соғыс басталғалы АҚШ әкімшілігі тарапынан дәл мұндай шұғыл әрі батыл әрекет жасалған емес. Сол үшін бұрынғы президент пен оның командасы сынға ұшырағаны да рас. Ал президенттік өкілеттік алғанына әлі жүз күн де толмаған Дональд Трамп көп ойланып жатпады. Ол ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кешкі ас ішуге бара жатып, дәл қонақасының алдында қолбасшылық бұйрығын беріп үлгерген. Дональд Трамп осы шабуылдан кейін сөйлеген сөзінде «химиялық қаруды қолданудың алдын алу – АҚШ-тың өте маңызды ұлттық мүддесі», – деді.

Осы орайда, 2013 жылы Башар Асадтың әскері химиялық қару қол­данды деген күдік расталған соң, Барак Обаманың әскери шабуыл жасаудан барынша тартыншақтағаны еске түседі. Әлемдік ақпарат құралдары осы екі оқиғаны өзара салыстырып, көзге ұрып тұрған қарама-қайшылықты алға тартады. Онысы түсінікті де. Отқа оранған Сирия, билік тізгініне тас кенедей жабысқан Башар Асад, яғни, ұқсас жағдай – екі бірдей химиялық шабуыл – бірақ халықаралық қауымдастықтың оған берер жауабы екі түрлі. Бұл «жауаптың» қандай боларын АҚШ айқындап беріп отыр. Біріншісінде әліптің артын бағып, барынша сабыр сақтауды жөн көрсе, екіншісінде әй-шайға қарамастан, нағыз қожайынның кім екенін танытқысы келгендей, тоқпағын ала жүгірді.

Сирияда АҚШ пен Ресей әскери күштері өзара қақтығысқа түсе ме? Шындығын айтқанда, Кремль де, Ақ үй де мұндай бетпе-бет, ашық соғыстан бойын аулақ ұстауға бейім. Екі ядролық алпауыттың арпалысы немен тынатынын әрқай­сы­сының-ақ іші сезеді. Оның үстіне, олар дәл Сирия жерінде ұста­сатындай ерекше себеп жоқ. Тек ғаламдық геосаясаттың қырық құрам мозаикасын құрауда үстемдікке ие болуға ұмтылған амбицияның әлегінде жүргені болмаса. Көкейді тескен – әлемнің қожайыны кім деген сұрақ. Осы орайда, «Bloomberg» сайтында жарияланған Леонид Бершидскийдің пікірі бізге ұғынықты. Ол Путиннің сириялық қақтығысқа қоян-қолтық араласуының бір себебі «Таяу Шығыс елдеріне ресейлік қарудың күштілігін көрсетуді және Ресейге арқа сүйеуге болатынын байқатуды көздеген еді» дейді. Ал қазіргі жағдайда Ақ үйдің мысы басып, Ресей әлсіздік танытқан сияқты көрінеді. Сондықтан Путин Трампқа қандай да бір жауап беруі кәдік. Сөзбе-сөз келтірсек, «Қазір Ресей мен АҚШ арасында тікелей әскери қақтығыс тууының қаупі сонау қырғи-қабақ соғысы кезінен бері ең шырқау шегіне жетіп тұр. Бұл екі елдің басшылары өздерінің сыртқы саясатта көздеген мақсаттарына сай әрі «мачо» делінетін түйсіктерімен әрекет ететін басшылар – өте күрделі комбинация. Бұл жағдайда жалғыз жеңімпаз – «ДАИШ» болғалы тұр. Соңғы бірнеше айда сириялық билік Ресей мен АҚШ-тың көмегі арқасында ДАИШ-қа жан-жақты соққы беріп еді. Енді сириялық билік америкалықтардан қорғанудың лажымен әуре болса, АҚШ-тың өзі Ресейдің тарапынан болатын қауіптен сақтануды ойлауға мәжбүр болады».

Шындығында, Сириядағы базаны әуеден атқыламас бұрын америкалықтар ресейлік тарапқа өз жоспарлары жөнінде алдын-ала хабарлаған. Қай жерді, қай базаны нысанаға алатынын жасырмады. Сонда да Кремль «ресейлік базаларға қатер төнді» деп байбалам жасаса, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон: «Біз ресейлік әскери нысандарды атуды көздеген жоқпыз ғой» деп ақталуға кірісті. Әлбетте, Тиллерсон мырзаға енді бар шешендігін сынға салуға тура келер. Себебі осы аптада оның Мәскеуге арнайы сапары жоспарланған. CBS телеарнасына берген сұхбатында ол: «АҚШ шабуылына Ресей тарапынан әлдеқандай жауап болатындай оған еш негіз жоқ», – деді.

Жалпы, «Шайратты» шабуылдау барысында сириялық алты әскеридің қаза болғаны айтылады. Бейбіт тұрғындар арасында шығын жоқ деседі.

Осы күндері ресейліктердің рито­рикасы сан құбылды. Біресе, АҚШ-ты «тәуелсіз елге қарсы агрессия жасады» деп айыптаса, одан соң америкалықтардың әрекеті ауыз толтырып айтатындай нәтижеге жетпегенін түсіндіруге тырысты. Америкалық соққының маңызын кемітуге тырысқаны сол, Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков: «23 зымыран ғана әскери базаға дейін жетті, ал 36-сының қайда түскені де белгісіз» деп салды. АҚШ-тың Жерорта теңізіндегі әскери кемелерінен  59 «Томагавк» ұшырғаны мәлім. BBC дерегіне жүгінсек, елу тоғыз қанатты зымыранмен жасалған шабуылдың шығыны 30 миллион доллар мен 100 миллион доллар аралығында бағаланады. Бірақ бұл шабуылдың нақты нәтижесі қандай болғаны жөнінде нақты дерек жоқтың қасы. BBC-ге сұхбат берген сириялық журналист Сирия әскери-әуе күштеріне тиесілі он төрт ұшақтың жойылғанын хабарлаған. Әйтсе де, бұл – «химиялық қару қолданды» деген деректің ізімен басқа мемлекеттің аумағына шабуыл жасаудың ең жылдам оқиғасы болды болды. Шамасы, 2013 жылы Барак Обама кезінде жоспарланған, бірақ қолданылмаған әскери жоспар іске асқан болуы керек.

АҚШ тың әрекетінен соң, Ресей Қорғаныс министрлігі 7 сәуірде-ақ Пентагонға бұған дейінгі байланыс қатынасын үзу жөнінде «нота» жолдап үлгерген. 2015 жылы Ресейдің Сирияға әскери-әуе күштерін кіргізгеннен кейін Пентагон Ресейдің қорғаныс министрлігімен ортақ келісімге келуге мәжбүр болған еді. Сол кезде екі елдің әскери ұшқыштарының әскери қимыл кезінде бір-бірімен хабарласып, бірін-бірі сақтандырып отыруға міндеттеген ережелер бекітілген еді. Пентагонға «нота» жолдау арқылы Ресей бұл келісімдердің күшін жойып отыр. Кремль «АҚШ Сирияда әскери операция дайындап жатыр» деп санайды. Сондықтан Ресей өзінің Сириядағы әскери базаларын қорғау үшін С-300 және С-400 жүйелерін іске қосуға ниетті. Бұдан соң Сириядағы америкалық және ресейлік әскери-әуе күштері бір-бірінің шабуылынан сақтануға мәжбүр болуы ықтимал. Мұндай қиын-қыстау әрі шетін жағдайда екі мемлекетті өзара соғысқа итермелеуге кішігірім қателіктің өзі жеткілікті. Ендеше, «бұрын-соңды АҚШ пен Ресей үшінші дүниежүзілік соғыс ашуға дәл қазіргідей жақын болған емес» деген қауіп бекер емес.

Кім не деді?

Осы күндері Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдул-Азиз Дональд Трампқа телефон соғып, «батыл шешім қабылдауымен» құттықтаған.

Ал Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Борис Джонсон Мәскеуге деген наразылығын білдіру мақсатында Ресейге осы аптаға жоспарланған іссапарынан бас тартты. Франция президенті Франсуа Олланд пен Германия канцлері Ангела Меркель болған оқиғаға Башар Асадты айыптап отыр. АҚШ барлау қызметі, сириялық оппозиция мен Химиялық қаруды қолдануға тыйым салу жөніндегі ұйым Идлибте химиялық газды Башар Асадтың әскері қолданды деген байламға келген.

Осынша даудың түп қазығы бол­ған, «өз халқын қырып жатыр» деген ауыр айыптың астында қалған Башара Асадтың өзі неліктен үнсіз жатқаны түсініксіз. Өз басына тағылған айыптарды терістеу үшін ол елдің алдына шығып не ақталмады, не болмаса, жағдайдың шын мәнінде қандай болғанын түсіндіруге тырыспады да. Әзірге белгілісі, ресми Дамаск Хан-Шейхун қаласында химиялық қарудың қолданылғанын жоққа шығарады, оны тексеруді өзі қадағаламақ ниетте. Яғни, АҚШ, Франция, Ұлыбритания бастаған елдердің БҰҰ аясында халықаралық тексеру жүргізудің шарттарын орындауға дайын емес. Дәл осы оқиғадан соң әлемдік интернетте «химиялық Асад» және «химиялық Башар» атты хэштег пайда болды. Осы хэштегтің аясында «Химиялық Асад өз халқына қарсы қарудың барлық түрлерін қолданып жатыр» деген сыңайдағы пікірлер бір арнаға тоғысып, сириялық мемлекет басшысының абыройынан жұрнақ та қалмады.

Оның орнына Сирия сыртқы істер министрі Валид әл-Муалем халық­ара­лық қауымдастықтың сұрақтарына жауап беріп, барлық айыптарды терістеп отыр. Сириялық әскердің әуеден тастаған бомбылары «Ан-Нусра» тобының химиялық оқ-дәрісі сақталатын қоймаға түсіп, тұрғындар содан шыққан газдан уланды-мыс деген жорамалды таратқан дәл осы Әл-Муалем болатын. Обалы нешік, осы санаулы күнде Хан-Шейхунда химиялық газ неден, қалай тарады, оны кім қолданды деген сұрақтың талай жауабын естідік. Олардың бірі-біріне қайшы екені нені білдіреді? Мысалы, АҚШ барлау қызметі бұл химиялық қаруды ресейлік не сириялық әскери-әуе күштері қолданды десе, Ресей қорғаныс министрлігі «дәл сол күні бұл маңайда ешқандай әскери іс-қимыл жүргізген жоқпыз» деп басын алып қашты. Артынша Ресей сыртқы істер министрлігі сириялық әскерилер тек қойманы бомбылаған, ал ол қойманың аумағында «құрамында улайтын қоспалар болатын фугас шығаратын цех болған» деп түсіндіруге асықты. Сириялық үкіметтің өкілдері әуелгіде «химиялық газды «Әл Каида» ұйымына қатысы бар «Хайят Тахрир аш-Шам» оппозициялық тобы қолданды» деп жариялаған. Алғашында Кремль осы «нұсқаны» қолдаған.

Осылайша, Башар Асадтың үкіметі де, оны жақтаушы Кремль әкімшілігі де Идлиб аймағында химиялық қару қолданылғанын жоққа шығарып бақты. Бірақ ресейлік және сириялық шенеуніктердің кей сөздері бір-біріне қайшы түсіп, тіпті бірін-бірі жоққа шығаруда.

Адамшылыққа  жат әрекетті Астана айыптады

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі кешегі аптада осы жағдайға байланысты өз ұстанымын жариялады. Министрлік таратқан мәлімдемеде: «Қазақстан жаппай қырып-жою қаруының қандай да түрін қолдануды азғын, адамшылыққа жат және гуманизм қағидаларына қайшы деп айыптайды. Кінәлілерді жауапқа тарту үшін БҰҰ аясында бұл істі жан-жақты объективті әрі ешкімге бұра тартпай зерттейтін халықаралық тексеру жүргізуді өте маңызды деп санаймыз» делінген. Қазақстан басшылығы Астана мен Женева алаңқайларында сириялық үкімет пен сириялық оппозиция арасында келіссөздер одан әрі жалғасуы тиіс деп біледі.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон де өзінің CBS телеарнасына берген сұхбатында биыл қаңтар айында болған Астаналық келіссөздердің өзектілігін айтып өтті. «Біз Ресей соғысты тоқтатуда конструктивті рөл атқарады деп санаймыз, бұл орайда Астанадағы келіссөздерді және түптің түбінде, Женевадағы келіссөздерді пайдалануға болады», – деді ол. Тәжірибелі дип­ломат Кремльге көпшік қою үшін Астанадағы өзгеше форматтағы бірегей келіссөздердің бәсін арттырды. Бұл Ресей басшылығымен кездесуде қолданылар риториканың дайындығы іспеттес.

 

 

 

Back to top button