Жамбыл облысының тұрғыны зейнетақы көлемін сот арқылы ұлғайтып алды

Бүгін, 07:13 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Жамбыл облысында ер адам сот арқылы өзіне тағайындалған зейнетақы көлемін ұлғайтуға қол жеткізді.

Мойынқұм аудандық сотында ер адамның еңбек өтілі фактісін анықтау туралы арызы бойынша азаматтық іс қаралды.

Еңбек кітапшасының жоғалуына байланысты талап қоюшыға ең төменгі зейнетақы тағайындалып, оның "ПКМ-2006" кәсіпорнындағы жұмыс өтілі есепке алынбаған. Алайда арыз беруші 1988-1998 жылдар аралығында сол жерде жұмыс істеген.

Уәкілетті органдарға бірнеше рет жүгіну нәтиже бермегендіктен, зейнеткер еңбек өтілі есепке алынып, зейнетақы көлемін ұлғайту үшін сотқа жүгінген.

"Арыз берушінің дәлелдері сотта сол кезеңде онымен бірге жұмыс істеген екі куәгердің айғақтарымен және анықтамалармен расталды. Сот арыз берушінің еңбек өтілін белгілеудің басқа мүмкіндігі жоқ деген қорытындыға келді.. Өйткені ол жұмыс істеген мекеме таратылып кеткен", - деп жазылған хабарламада.

Сот зейнеткердің арызын қанағаттандырып, оның кәсіпорындағы 10 жыл жұмыс өтілін растады.

Сот шешімі заңды күшіне енді.