Атүсті аударма – абыройсыздық

Атүсті аударма – абыройсыздық

Атүсті аударма –  абыройсыздық
ашық дереккөзі
Көшелердегі жарнама, сауда орындарының атауы, жарнамалық парақшалардың қателеріне көз үйренгені соншалық, жұртшылық «бұл қалай?» деп таңданудан қалған. «Мына қатені жөндеуге болмас па?» деген сауалды елемейтіндер де бар. Қазақ тілінің шұбарлануын, маңдайшадағы  қателерді қалай азайтуға болады? Бұл  тіл мамандары мен жанашырларын ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды да ойлантуы тиіс. Көшедегі қате жазулармен күрестің жүріп жатқанына неше жылдың жүзі. Арнайы бағдарлама мен тіл сақшылары да бірқатар іс атқарды. Алайда жарнамадағы қазақ тілінің сауатты қолданылуы қиындық тудыруда. Мысалы, сауда орталықтарындағы кез келген бутиктің сыртындағы қазақша жазуында міндетті түрде қате шығады: «жеңылдік, бутиғі, ауыр киімдер» және тағы басқалары.  «Ауыр киімдер» дегеннің «жағалы киім» деген өз атауы бар емес пе? Бұл әріп қатесі болар деген үмітпен, кейбіреулеріне ескерткен де едік. Себебі бұл жапсырма қағазбен жасалатын, шығынсыз жұмыс, қатені түзету қожайын үшін қиындық тудырмасы анық. Былтыр даңғаза жарнамамен еліміздің сауда нарығына кірген танымал киім брендінің жарнамасында «Ерлерге, әйелдерге, балаларға арналған сән» деп жазылған. «Модный показ» сөзін «сән үлгісі» деп аударып жүргені белгілі, бірақ «моданың» мағынасын «сән» жалғыз тұрып, аша ала ма? Бұл жарнамаға қарап, ой аяқталмағандай көрінеді, моданың толық мағынасын сән сөзі бере алмай тұрғандай. «Сәнді киімдер» дей салса, ой аяқталып, жұмыр қалпына түспей ме? Ең өкініштісі, түпнұсқа орыс тілінде жазылады, сондықтан сапасыз, атүсті аударманың нәтижесінде қате кетеді. Бұл өз кезегінде, қоғаммен байланыс мамандарының орыс тілді екенін, қазақтілді мамандардың бұл салада аздау екенін байқатады. Біраз уақыт бұрын Алматы қаласының көшелеріне «Салауатты Азия» қоғамдық қорының жарнамалары орналастырылған болатын. Оның орыс тіліндегі мәтінін түсіну оңай. «Сыграй свою главную роль достойно: Будь здоровой мамой и красивой женой». Ал қазақша аудармасы былай: «Өз басты роліңді абыроймен орында: Денсаулықты ана мен сұлу жар бол» деп жазылған. Денсаулықты ана бола ма? «Дені сау» деген дұрыс шығар. Қоғамды қайырымды іске шақырған жарнаманың басқа да нұсқаларының қазақша аудармасында өрескел қателер орын алған. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінің ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңының 81-бабында Тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық мәселесі ерекше қаралған. Заң  бойынша мемлекеттік тілді білмеу желеуімен жеке және заңды тұлғалардың өтінішін қабылдаудан бас тартуына он бес айлық есептік көрсеткіш есебінде айыппұл салынады, деректемелер мен көрнекті ақпараттарды орналастыру жөніндегі талаптар бұзылса – ескерту жасалады. Ескертулерге құлақ аспаған жағдайда, 50 айлық көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар Алматы көшелеріндегі жарнамалар мен маңдайша жазулар, ақпараттық хабарламаларды заң талаптарына сәйкес қалпына келтіру мәселесі бұрын да талай көтеріліп, көп жағдайда сөз жүзінде қалып келген еді. Алматы қаласы бойынша сыртқы жарнама және көрнекі ақпарат нысандарын орналастыруға рұқсат алу кезінде жарнама мәтіндерінің қазақ тіліндегі нұсқасына Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжатттама басқармасының келісімін алу тәртібі белгіленген. Бірақ іс жүзінде өз бетінше қимылдайтын дүкен қожайындары кез келген жарнама агенттігінің көмегіне жүгіне салады. Сонымен қатар, тілді бұзып сөйлеу де жиі байқалады. Мысалы, ауызекі тілдесуде «барады ма, қалады ма, кетеді ме» деп сөйлеуі мүмкін. Қазақ тілі грамматикасына сәйкес, дұрысы «бара ма, қала ма, кете ме» болмауға тиіс. Сөзді осылай бұрмалай қолдану баспасөзде жиі кездеседі. Тіпті тақырыпта та «қалады ма» деп бажырайтып қояды. Ал телеарналардың тілі өз алдына бөлек әңгіме. Қазақ тілі ережелері бойынша, сингармонизм заңы бар. Ілгерінді ықпал, кейінді ықпал арқылы алдыңғы, соңғы әріптерге байланысты буынның оқылуы жұмсарады. Өкінішке қарай, қазақ тілінің әуезділігін беретін үндестік заңы кейбір радио мен телеарна тілшілеріне қатысы жоқ сияқты. Кезінде банк сайттары, құжаттары мен­ қызметкерлерінің қолданысындағы қазақ тілінде қате көп екені жиі айтылды. Онда да банк қызметкерлерінің көпшілігі орыстілді болғандықтан, орысша сауат ашқандықтан, қазақшасы мен аудармасында қате көп болатын. Бертін келе қазақтілді қызметкерлерді банкке көптеп тарту қолға алынған болатын. Уақыт өте келе банктердің бұл олқылығының орны толып, қазақ тілін­дегі қателері азая бастады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйен­сек,  өткен жылдың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесінде ілгерілеушілік бар. Қазіргі таңда құжат айналымы – 91 пайызды құрап отыр. Алайда статистикалық-есептік және қаржылық құжаттамалардың мем­лекет­тік тілге көшуі жеткіліксіз деңгейде екен. «Бұл жағдай, әсіресе, ұлттық компанияларда байқалады. Мемлекеттік тілдегі іс-қағаздарды жүргізу орталық атқарушы органдарда – 89 пайыз, жергілікті атқарушы органдарда – 93 пайыз. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қазақ тіліндегі контентінің үлесі 71 пайыз», – деді министр А.Мұхамедиұлы таяуда. Қазіргі таңда қазақ тілін үйретудің жаңа әдістемелері, «Қазақ сөзі» оқу құралдары әзірленген. Сонымен қатар мобильді қосымшалар тетігі де іске қосылған. Бұл тіл үйренушілерге таптырмас мүмкіндік. Сәл ертеректе банк қызметкерлері, түрлі мекемелер мен жарнама өкілдері жұмыстарын қазақ тілінде жүргізбейтін. Өз тұтынушыларының қазақтілді екенін біле тұра, орысша сөйлесетін. Қазіргі таңда несие төлемегендерді іздеген коллекторлық компаниялар мен банктердің өзі де клиенттің ыңғайына қарай «Сізге қай тілде сөйлескен ыңғайлы» деп сұрайтын болған. Бұл да болса, қазақ тілінің қолданыс аясының кеңейіп келе жатқанын байқатса керек.

Балаға тіл үйрену қиын емес

Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Қазақ тілін меңгергендердің үлесі 82 пайызға жетіпті. Бұл көрсеткіш әлі де аздық етеді, дегенмен бұрынғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Тілдік қолданыстың қашан, қайда қалыптасатыны белгілі нәрсе. Бүлдіршіндердің тіліне қарап, оның отбасының қай тілде сөйлейтінін, тілдік ортасының қандай екенін білуге болады. Біліп қана қоймай, балдырғанды таза ана тілінде сөйлеуге баулуға болады. Өкінішке қарай, балалардың тілі балабақшалардан бастап бұзылады. Мектепке дейінгі жастағы балалардың тіл үйрену қабілеті өте жоғары. Балалардың шет тілді меңгеру қабілеті ересектерден анағұрлым жылдам. Отандық және шетелдік психологтардың пайымдауынша, бала 1,5 жас пен 9 жас аралығында тіл үйренудің маманы болады екен. Осы аралықта қай тілді үйретсе де, қағып алады. Ғаламторда танымал болған жеті тілді меңгерген алты жастағы бала айрықша қабілет иесі емес, дер кезінде тіл үйренуге машықтанып, ялғи тіл үйренумен айналысып отырған отбасының жемісті еңбегі. Олай болса, балаға тіл үйрену қиын емес, мәселе тек қай тілді үйрету керектігін шешуде ғана. Мысалы, Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, былтыр ересек тұрғындар мен 12-17 жас аралығындағы оқушыларды қоса алғанда, үштілді меңгергендердің үлесі 20 пайыздан асқан. Балабақша – баланың тілін шығарып, тілдік орта қалыптастырып, ана тілін бойына сіңіретін мекеме. Бірақ көп жағдайда балалар орысшаны балабақшадан үйреніп келеді. Олай болса, бақшадағы балдырған қай тілде сөйлейді? Тәрбиеші қай тілде сөйлейді? Әрине, балалар тәрбиешінің тілімен сөйлейді, тәрбиешінің қолданысындағы диалектімен тілі шығады. «Апайдың» айтқанын ата заңдай көретін балалар, тәрбиешінің үйретуімен тілдік ортасын қалыптастырады. Дегенмен, тәрбиешіге артылар жүк ауыр – тәрбие, тамақтандыру, киіндіру, серуенге шығару, білім беру. Тәрбиешілер білім бағдарламасына сай, барлық тақырыпты қазақ тілінде өтеді, қазақ тілінде жеткізеді. Тіпті орыс тілін қолдануға мұршасы да жоқ. Олай болса, бүлдіршін өзге тілді кімнен үйреніп жүр? Өзі сияқты балалардан. Қай-қайсымыз да есік алдына шықсақ, балабақшаға барсақ, серуендеп жүрсек те титтей баласымен орысша сөйлесіп бара жатқан ата-әжелерді көреміз. Әсіресе, балабақшаға баланы әкеле жатқанда балаға орысша шүлдірлейтін әжелерді көріп, не айтарыңды білмейсің. Тілдік ортасы орысша, үй-іші түгелдей қазақша сөйлемейтін, бірақ қазақ балабақшасына баратын балалар топтағы қазақ тілді балалардың тілінің шұбарлануына әсер етеді. Тәрбиеші оларды әрдайым қадағалап отыра алмайды, сыртқа серуенге шыққанда, тамақ ішіп отырғанда олар бар білгенінше орысша бірдеңе айтып қалуға тырысады. Осылайша қазақтілді бүлдіршіндердің тілі бұзылады. Балабақшаның орта жастағы тобына баратын Еркежан бірде «біздің топқа жаңадан бір қыз келді» деп келді. Келесі күні: «Оның аты – Анастасия», – екен деп қойды. Күйбің тіршілікпен жүргендіктен, оған мән бермедік. Кейінірек, қазақ тобынан орыс ұлтының қызын көріп, іштей қуанып та қалдық. Бір күні Еркежан: «Саған бірдеңе айтайын ба?», – деді. Көп бөгелместен: «Настя орыс екен», – деді сыбырлап. «Орыс болса, несі бар?» деймін байқатпай. «Ол апайды түсінбейді, сосын жылай береді, мен онымен кішкене сөйлестім, ол мені түсінді», – деді мәз болып. Бұл оқиғадан кейін, тәрбиешіден осы оқиға жөнінде сұрастырып көргенімізде, Анастасия есімді қыздың топқа келгенін, жаңа топқа үйрене алмаған соң, көп ұзамай анасының алып кеткенін айтты. Әлбетте, тәрбиеші қыздың жатырқап, топқа үйренісе алмағанын сылтауратқаны айдан анық. Бірақ мұндай бастаманы іліп әкетіп, қалай да баланың бойын үйретіп, үлгі көрсету үшіне тәрбиеші жылдам қимылдап қалуы керек пе еді?..  Әттең, тілді бөтенсіп, ортадан қолдау таба алмаған орыс қызы қазақ тобына сіңісе алмады. Әдетте, қазақтар «өжет болады, ұялмайтын болады» деп баласын орыстілді топқа береді. Сөйтіп, көп жағдайда айтқанындай-ақ баласы ортада топ жарып, тақпақ айтуға тайсалмайтын, санамақтың сан түрін білетін болып шығады. Қазақ балалары ересектердің «кәмпит берем, тақпағыңды айта ғой» деп әрең айтқызып отырғанда, орыстілді бақшаның баласы өжет-ақ. Орыс балабақшасының нендей сиқыры бары белгісіз, бірақ қазақ тобында да, орыс тобында да балалар саны шамалас. Дәл сондай екі ауысыммен істейтін екі тәрбиеші, бір күтуші беріледі. Бірақ қазақ тобының балалары орыс тобының балаларына қарағанда жасықтау бола ма, қалай?! Әлде бұл тек қоғамда кері қалыптасқан пікір ме? Осы мәселе жөнінде тәрбиеші, логопед Гүлнара Қыдырбекқызының пікірін мысалға алған жөн шығар. «Арнайы балабақшада бір топқа он бес баладан артық қабылданбайды. Баланың тілін түзетуге маманданған арнайы қазақтілді балабақша жоқ. Мұндай балабақшалардың барлығы аралас. Осы жерде мынадай түйткіл бар, мәселен қазақ топтары бүлдіршіндер тобы мен орта жастағы топтарды қосып  жібереді, ал орыс топтарында өз жастарына сай топқа бөлініп, білім алады», – деді. Осыған қарап, қазақ топтарындағы бүлдіршіндер белсенділігінің төмен болуын бала санының көптігі және жастарының әр түрлі болуынан деп санауға болады. Балалар тіл меңгеруде ересектерден қабілетті дедік. Бірақ, балаға берілетін тәрбие, тіл үйрету, білім беру уақытымен болғаны абзал. Осы тұрғыда Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларына берілетін үй тапсырмасын қысқартуды қарастырғаны белгілі. Олай болса, тіл үйренуді де баланың жасына сай қолға алған абзал.