Мәжіліс мақұлдаған Құрылыс кодексінің жобасында сәулет, қала құрылысы, құрылыс салаларындағы түрлі процес пен рәсімдерді цифрландыруға ерекше мән берілген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол үшін «бір терезе» тәсілі енгізу көзделген. Жоспарлау мен жобалаудан бастап құрылыс мониторингіне дейінгі барлық негізгі процес цифрландырылып, бір жүйеге біріктіріледі. Жоспарлау жүйесіне (aisggk.kz), жобалық құжаттаманы қараудың екі жүйесіне (e-psd.kz және peo.saraptama.kz), құрылыс мониторингі жүйесіне (e-Qurylys.kz) қолжетімділік eGov порталы арқылы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар бірыңғай цифрлық тізілім құрылады. Оның ішінде мамандарды аттестаттау, берілген лицензиялар мен рұқсаттарды тіркеу, рұқсат етілмеген құрылыстарды автоматтандырылған бақылау, қала құрылысы жобаларының іске асырылуын бақылау мүмкіндігі болады.
Нақтырақ жобалау және барлық кезеңде объектілерді тиімді басқару үшін ғимараттар мен инфрақұрылымның цифрлық 3D үлгілерін жасауға мүмкіндік беретін объектілерді ақпараттық модельдеу технологиясын енгізуге ерекше назар аударылады.
Осылайша, бұл инновациялар қолжетімділікті, ашықтықты және жоба алдындағы дайындықтан бастап пайдалануға дейінгі құрылыс уақытының қысқаруын қамтамасыз етеді.