Маңғыстау облысындағы шекара заставасында мерзімді қызметтегі әскери қызметкер қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік желілерде 2024 жылдың көктемінде әскерге шақырылған сарбаздың Маңғыстау облысындағы шекара заставасында қаза тапқаны туралы ақпарат тарады.
Таратылған мәліметке сәйкес, оқиға 7 қазанда «Үстірт» шекара заставасында болған. Командирдің тапсырмасымен сарбаз дизель генераторының радиаторын шаю үшін бензин алу үшін қоймаға барған.
Тапсырманы орындау кезінде сарбаз жанармай буына уланып, есінен танып қалған деген болжам бар. 10 минуттан кейін оны жерде жатқан күйінде қызметтесі тауып алған. Медициналық көмек көрсетілгенімен, сарбаздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
ҰҚК баспасөз қызметі сарбаздың қаза тапқаны туралы ақпаратты растады.
«Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінде қайғылы оқиға болды – мерзімді қызметтегі әскери қызметші қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болған», – делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, полиция органдары қылмыстық іс қозғап, қосымша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр.