Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен бес сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оларға келесідей айыптар тағылған:
- Аса iрi мөлшерде алаяқтық жасау;
- Аса ірі мөлшерде пара беруге азғыру;
- Аса ірі мөлшерде пара алу;
- Ақшаны заңдастыру;
- Бірнеше рет ақшаны заңдастыру;
- Ауыр зардаптарға алып келген қызметтегi әрекетсiздiк жасау;
- Құқық қорғау органының қызметкерінің кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысуы;
- Аса iрi мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу;
- Аса iрi мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алуға жәрдемдесу.
Сотталушылардың бірі Шымкент қаласында құқық қорғау органында басшылық қызметін атқарып жүріп, 2019-2020 жылдар аралығында кәсіпкерден оның жеке мектебінің қызметіне қамқорлық жасағаны үшін 70 млн теңге пара алған. Одан кейін екі пәтер сатып алып, оларды жалға беру арқылы және сату арқылы пайда тапқан.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының 2020 жылы заңсыз өткізілген медициналық бұйымдарды мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде бөлім басшысының міндетін атқарушы және жеке кәсіпкер 92 млн теңгеден аса ақшаны жымқырған.
Құқық қорғау органында басшылық жұмыс істейтін сотталушы жасалған қылмысты біле тұра, өзіне және басқа тұлғаларға пайда келтіру мақсатында, қызмет бабында әрекетсіздік танытқан. Яғни Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы мен жеке кәсіпкердің қылмыстық әрекеттерін тоқтатпаған.
Ол жедел уәкіл бола тұра, кәсіпкерге медициналық құрылғы сатып алу үшін 7,5 млн теңге ақша қаражатын беріп, одан 14,4 млн теңге көлемінде заңсыз пайда алған.
Сот үкімімен айыпталушыларға 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.