Бүгін Мәжілісте Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіруге бағытталған заң жобасы таныстырылды. Баяндаманы Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Ерлан Жаңбыршин жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттың айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға бағытталған. Президент сол кезде еліміздің минералдық-шикізат базасын кеңейтіп, геологиялық зерттеу жүйесін түбегейлі жаңғырту міндетін қойған болатын.
Мемлекет басшысы сонымен қатар «өз қаражатына геологиялық зерттеу жүргізген инвестор жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуы керек» деп атап өткен еді. Бұл – еліміздің инвестициялық саясатына жаңа көзқарас енгізетін қағида.
2026 жылға қарай геологиялық және геофизикалық барлау жүргізілген аумақ көлемін қазіргі 1,5 млн шаршы шақырымнан 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл – Үкімет пен Парламент үшін нақты стратегиялық мақсат.
Ерлан Жаңбыршин атап өткендей, геологиялық барлау бүгінде ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігінің негізгі құрамдас бөлігіне айналды. Қазақстанның мұнай-газ өндіру көлемі негізінен үш ірі кен орны Теңіз, Қашаған және Қарашығанаққа тәуелді, ал басқа кен орындарының қоры сарқылу кезеңіне жақындаған.
Сондықтан жаңа мұнай мен газ қорларын анықтау тек энергетикалық емес, елдің экономикалық егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігі тұрғысынан да маңызды.
2010–2012 жылдары жүргізілген зерттеулер нәтижесінде елдегі шартты отын ресурстарының болжамды қоры 22,7 млрд тоннадан 76 млрд тоннаға қайта есептелген. Оның басым бөлігі Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғыстау және Оңтүстік Торғай бассейндерінде шоғырланған.
Қазір Қазақстанда геологиялық барлауға салынатын инвестиция көлемі жеткіліксіз. Мәселен, 1 шаршы шақырым аумаққа барлау жұмыстарына Қазақстанда небәрі 8 АҚШ доллары жұмсалса, АҚШ-та – 87, Австралияда – 167, Канадада – 203 доллар бөлінеді.
Заң жобасы осы теңсіздікті азайтып, инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталған. Енді өз қаражатына аз зерттелген аумақта геологиялық зерттеу жүргізген инвестор барлау мен өндіруге басым құқыққа ие болмақ. Ол үшін алғашқы үш жылда келісімшарт аумағының кемінде 30%-ын қамтитын сейсмикалық зерттеу жүргізу талабы енгізіледі.
Басты жаңалықтар:
– Аз зерттелген аумақ ұғымы алғаш рет заңда бекітіледі.
– Инвесторға өз қаражатына зерттеу жүргізген жағдайда барлау және өндіру кезеңінде басым құқық беріледі.
– Ұлттық компаниялардың резервтегі учаскелерін тиімді пайдалану көзделеді: игерілмеген учаскелер электрондық аукцион арқылы нарыққа шығарылады.
– Уран саласындағы ұлттық компанияға жаңа кен орындарын іздеу мен игеру бойынша басым құқық беру қарастырылған.
Заң жобасын қабылдау арқылы:
– 1 млрд АҚШ доллары көлемінде жаңа инвестиция тарту;
– аз зерттелген аумақтардың әлеуетін ашу және жаңа геологиялық деректер алу;
– барлау мен өндіру арасындағы алшақтықты қысқарту;
– уран саласындағы ұлттық компанияның мүмкіндіктерін кеңейту күтілуде.
Ерлан Жаңбыршиннің айтуынша, заң жобасы – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін, инвестициялық тартымдылығын және геологиялық ғылымның жаңа деңгейін қамтамасыз ететін стратегиялық құжат.
– Бұл – еліміздің табиғи байлығын ұлт игілігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз, – деді комитет төрағасы.