Маңғыстауда мүгедек жігітті ұрып кеткен: Қылмыстық іс қозғалды

Бүгін, 12:36 / Алуа Арман
istockphoto.com

Маңғыстау облысында оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі жігіттің соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Маңғыстау облысының полиция департаменті мүмкіндігі шектеулі жас жігітті ұрып-соғу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 108-бабы («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

«Қазір оқиғаның мән-жайын және құқыққа қайшы әрекеттерге қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы құқық қорғау органдарының бақылауында», – делінген полиция департаментінің хабарламасында.

Бұған дейін Маңғыстау облысындағы №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында даму ерекшелігі бар Мақсат Құлмағамбетов есімді жігіттің соққыға жығылғаны туралы хабар тараған. Оның туыстары бұл туралы әлеуметтік желіде жазып, прокуратураға көмек сұрап жүгінген.

Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, 2 қазан күні анасы кешкі ас апарғанда баласының беті ісіп, көгеріп жатқанын көрген. Отбасының сөзінше, орталық қызметкерлері болған оқиғаны «тәрбиеленушілердің ойыны» деп түсіндірген. Сонымен бірге, туыстарына оқиға туралы хабар берілмеген және бейнебақылау жазбаларын көрсетуден бас тартылған.

Жәбірленушінің суреттері әлеуметтік желіде тараған соң, желі қолданушылары кінәлілерді анықтап, жазалауды және оқиғаны мұқият тексеруді талап етті.

Тэгтер:

Маңғыстау мүгедек ұрып-соғу оңалту орталығы