Мәжілісте Құрылыс кодексі таныстырылды

Бүгін, 12:17 / Ербұлан Қайрат
cурет: parlam.kz

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Қосалқы баяндама жасаған депутат Мақсат Әбенов құжаттың негізгі бағыттары мен мақсатын түсіндірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Заң жобалары Қазақстан Республикасының Үкіметі, яғни Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан әзірленген. Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген.

Мақсат Әбеновтің айтуынша, жаңа Құрылыс кодексінің басты мақсаты – адам өмірі мен қызметіне қолайлы, қауіпсіз орта қалыптастыру. Бұл ретте халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету, құрылыс және қала құрылысы шешімдерін қоғам талқылауына шығару сияқты жаңашыл нормалар енгізіліп отыр.

Сондай-ақ, құжатта құрылыс саласындағы құқық бұзушылықтарға уақтылы ден қою үшін жедел ықпал ету тетіктері қарастырылған. Жобалау және құрылыс-монтаждау саласындағы мамандарды сертификаттау арқылы олардың кәсіби біліктілігі артады.

Кодексте нысандардың өмірлік циклы кезеңдерінде ақпараттық үлгілеу жүйесін (ТИМСО) енгізу, сейсмикалық қауіпті аймақтардағы құрылысты ерекше тәртіппен жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік бақылау тетіктерін күшейту нормалары қамтылған.

Депутат атап өткендей, тұрғын үй құрылысына үлеспен қатысу туралы бөлім Кодекске енгізілмейді. Бұл мәселе бойынша бөлек заң қабылданып, қазіргі уақытта қолданысқа енгізілген.

Құрылыс кодексі мен оған ілеспе заң жобасы 55 жұмыс тобының және Комитеттің кеңейтілген отырыстарында кеңінен талқыланған. Депутаттардан Құрылыс кодексі бойынша 1 725, ал ілеспе заң жобасы бойынша 72 ұсыныс келіп түскен. Барлық Мәжіліс комитеттері өз қорытындыларын ұсынған.

Тэгтер:

құрылыс Құрылыс кодексі