Маңғыстау облысында екі жасөспірім қыз жоғалып кеткен

Бүгін, 11:18 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Жаңаөзенде 3 қазан күні полиция басқармасына қала тұрғыны кәмелетке толмаған екі қызының жоғалғаны туралы хабарлаған.

Айтуынша, қыздары үйден шығып кетіп, қайтып оралмаған. Аталған дерек бойынша полиция басқармасы дереу іздестіру шараларын ұйымдастырды. Іздестіру жұмыстарына Бейнеу ауданындағы полиция қызметкерлері де атсалысты.

4 қазанда шамамен сағат 08:55-те кәмелетке толмағандар Бейнеу ауданына бағыт алған таксиге отырған. Полицияның жедел іс-қимылы нәтижесінде қыздар 6 қазанда сағат 17:00 шамасында Бейнеу ауданына қарасты Сырым Датұлы ауылынан табылды.

Қазір кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгіме жүргізілуде, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Полиция ата-аналарды балаларына көбірек көңіл бөлу керегін, төтенше жағдай кезінде бірден полицияға хабарласу қажет екенін ескертеді.