«AMANAT»: БҚО-да «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр

Бүгін, 11:21 / Інжу Әлихан
«AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында ауылдың экономикасын дамыту, ауыл тұрғындарының табыстарын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері назарға алынған. Осы мақсатта Батыс Қазақстан облысында аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің бастамасымен және облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің қолдауымен «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл жоба Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске асырылып отыр. Тұжырымдама ауылдық жерлердің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыруды, инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз етуді және ауылдық аумақтарға халықтың көшуін ынталандыруды көздейді.

Жоба аясында Казталов ауданының Көпкүтір ауылында жаңа екі пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев, облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов және аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев қатысты.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаңа қоныс иелерін қуанышымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Ауыл – халқымыздың негізі, болашағымыздың тірегі. Сол себепті ауылға жаңа дем беріп, жас отбасыларды қолдау – біздің басты мақсатымыз. Жаңа баспанаға ие болған отбасылардың шаңырақтары шаттыққа толып, елді мекеннің дамуына үлес қосарына сенемін. Бұл бағдарлама ауылдың өркендеуіне, жастардың ауылға келіп, тұрақтауына жол ашады», — деді облыс басшысы.

Өңір бойынша жалпы 57 ауылға отбасыларды көшіру жоспарланған. Өткен жылы 104 отбасы ауылға көшсе, биыл бұл көрсеткіш 120-ға жетпек. Осы орайда AMANAT партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев ауылды дамыту жөніндегі тұжырымдаманың маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауылдық аумақтарды дамыту – ұлттық саясаттың стратегиялық бағыты. Тұжырымдама аясында ауыл инфрақұрылымын жаңарту, халықтың табысын арттыру және жұмыс орындарын көбейту мақсатында нақты тетіктер қарастырылған. Бұл құжат ауылды кешенді дамыту арқылы елдің әлеуметтік теңгерімін сақтауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, ауылда өмір сүру мен еңбек етуге қолайлы жағдай жасалып, жастарды елді мекендерге тартуға жол ашылады», — деді ол.

«Қаладан – ауылға» жобасы ауылдық аймақтардың әлеуметтік келбетін жақсартып қана қоймай, өңір экономикасына да серпін беріп отыр.